Рица
Бұл бетте «Рица» атты Тайыр Жароков жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.
Ғажайып бір көл екен
Кавказдағы Рица!
Кім көріксіз дер екен
Сұлулығын бір ұқса?!
Көктен құлап құйылған
Көз жасындай Қазбектің, –
Тауға сыры ұғылған
Көлді көрмес іздеп кім?
Шалмасын деп көзін күн,
Киіп толқын жасылдан,
Көз әйнегін теңіздің
Секілді тау жасырған.
Суға кетіп, я асыл
Бір мұңды ару кезі кеп,
Көл дөңгелек жап-жасыл
Қалған ба қыз кезі боп?..
Рица өзі қыз аты,
Мұнда алуан сыр жатыр,
Көл боп жеткен бізге аты,
Толқынында жыр жатыр...
Бірақ ұқсас ғажап тым, –
Көз алдымда тұрғандай,
Есік келін қазақтың
Осында әкеп қойғандай!
Кавказ шыңын өрлесең,
Көл көркейткен шат-құзды,
Рицаны көрмесең, –
Көрдім деме Кавказды!
- Бенедикт Спиноза
- Ясунари Кавабата
- Мұстафа Шоқай
- Абай Құнанбайұлы
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі