Қыр бораны

Бұл бетте «Қыр бораны» атты Тайыр Жароков жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 10.07.2022
  • 0
  • 0
  • 663
Бет қаратпай өткенді
Қарды боран сапырып,
Ысқырып жел, көктемді
Тұрғандай нақ шақырып!
Айбынды осы аймақта
Аумай Аяз атадан,
Бір кәрия аулақта,
Шолып тыңды жотадан:
«Жатса бүгін неғұрлым
Қырды күртік қар жауып,
Шығар ертең солғұрлым,
Жерден бітік дән жарып.
Дәнге толық қоймасы,
Қысты елемей Қостанай,
Арқа жоны қарды осы
Алды қарсы тосқандай.
Көктем туса, күн жылып,
Қардың суын жер ұрттап,
Жазда жарқын уылжып,
Дән жайқалар жез мұрттап!»
Деп, қамбашы баланы
Арқасынан қағады,
Қар жамылған даланы
Шал тағы да шолады...


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері