Абай көшесі – Тайыр Жароков

Бұл бетте «Абай көшесі» атты Тайыр Жароков жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 10.07.2022
  • 0
  • 0
  • 1262
Мен тұрамын көшесінде Абайдың,
Абайдың сом мүсіні сол Алаңның
Төрінде тұр, тауға көзін төңкеріп,
Тастан құйған тұлғасына қараймын...
Мен қарасам, маған бейне бұрылып,
Тастан құйған тұлғасынан тіріліп
Қарағандай, қаршыға ойы ауадан
Қаржып алып тұрғандайын жыр іліп...
«Биігінен шырқап ұшып Шыңғыстың
Алатауға қонақтаған бір құспын!»
Дегендей-ақ, қомдап елең қанатын,
Шашып жарқын тұрғандай бір жырлы ұшқын!
Қолында ұстап тас мұқаба дәптерін,
Ұшырғандай жырдың сұлу кептерін,
Қазақшалап Татьяна хаттарын,
Ойлағандай өмірдің сан өткелін...
Тұғырында тұрып өлең ол бастап,
Ақын атты аламанға ой тастап,
Алға меңзеп тұрғандай бір үн қатып:
Мен бастағам, ал жалға деп сен қостап!»
Тебіренткендей тұла бойды толқытып,
Өлеңінің атылғандай оты тік!
Абай өзін машық Мұқан, қолымен
Том қып құйып, тұр әлемге оқытып.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері