Еңбек сүйгіш жеңешем – Тайыр Жароков

Бұл бетте «Еңбек сүйгіш жеңешем» атты Тайыр Жароков жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 11.07.2022
  • 0
  • 0
  • 997
Білегін әппақ түрініп,
Үй жұмысын істеген,
Тап-таза боп үрініп,
Үстіне шаң түспеген.
— Бұл кім жүрген жұмыста?
Танымаймын, деме сен!
Еркін енген жұмысқа,
Бұл еңбекші жеңешем.
Еңбегімен өрлейді,
Құр далаға есірмей,
Керіліп кеуде кермейді,
Байдың бәйбішесіндей.
Көрдің бе, жібін иіріп,
Өрмегін тоқып жатқанын.
Іске асырады үйіріп,
Ағайдың жинап тапқанын.
Тазалықты ұстайды,
Күтеді денсаулықты.
Ағайды жөнсіз қыспайды,
Әпер деп көйлек, жаулықты.
Еңбекке балқып былқылдап,
Бұралып сұлу сүйегі,
Ақ балтыры бұлтылдап,
Еңбекті жеңгей сүйеді.

1928


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері