Өлең, жыр, ақындар

Көк арша

  • 12.07.2022
  • 0
  • 0
  • 949
Таныс бізге көк арша
күнге еркелеп, тауда өскен.
Тау самалын оңаша
Жұтып, сұлу таңда өскен.
Көрікті ағаш көк арша
Көгеріп гүлі күнде өскен.
Көктен жұлдыз қараса,
Күбірлеп желмен тілдескен.
Жазы-қысы көк арша
Жайқалып, гүлі жайнаған.
Саясында тамаша,
Асыр сап балалар ойнаған.
Жаздағы жасыл көк арша,
Қыс түссе де көкпеңбек.
Жауса да көктен қар қанша,
Гүлдене түседі еркіндеп.
Жаңа жылда көк арша
Сырға тағып гүліне,
Жалт-жұлт етіп қараса,
Кіріпті әркім үйіне.
Ортасында осы арша
Ұстап аса таяғын,
Аяз Ата тұр, сонша
Қырау жапқан қабағын.
Ақ күпілі, тұмақты,
Ақ сақалын қар басқан.
Үсітіп бетті, құлақты
Қызартып аяз жармасқан.
Жаңа жылда аяз шал
Бас қонақ боп келіп тұр.
Аяз Ата, «әлек ал»,—
Балалар сәлем беріп тұр.
— «Бораннан, мұздан саспаған,
Қолына таяқ ұстаған
Аязда тоңбай қыстаған,
Атаға сәлем береміз.
Беліме белдік байлаған,
Жұлдыздай көзі жайнаған,
Балалармен ойнаған
Атаға сәлем береміз».
— Деп, балалар,— көк арша!
Ішінде Аяз Атаға,
Өлеңмен сәлем тамаша
Берді тұрып қатарға.
Ішінен көк аршаның
Басын иіп аяз шал:
— «Ұзақ болсын жастарың!»—
Деді,— шырқап әнге сал.
Қол ұстасып жас буын
Аршаны қоршап ойнаған.
Жаңа жылдың хош түнін
Қарсы алды әнмен сайраған.

1950



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Цыгандар

  • 0
  • 0

Бессарабия жерінде
Цыгандар көшіп жүреді.
Өзенді бойлап бүгін де
Шатырда жыртық түнеді.

Толық

Крещатик көшесі

  • 0
  • 0

Не деген ғажап кеше бұл,
Көрікті қандай Крещатик?!
Үйлердің сұлу нешеуін
Қарайсың тұрып бұрышта тік.

Толық

Сүт өзені

  • 0
  • 0

Жазғытұры сайлардан
Гүрілдеп өзен аққандай,
Сиырлар тұрған сарайдан
Бір үн шығып жатқандай —

Толық

Қарап көріңіз