Өлең, жыр, ақындар

Тағы бір тілек

  • 26.07.2022
  • 0
  • 0
  • 1831
Өзгерді совет келіп, ел шырайы,
Өзгерді бұрынғы «жау» көрші райы.
Түсті кеп жарлылардың, бөлісіне,
Ірі ну, бай малы мен жер шұрайы.
Байлардың қалды бүгін еркелігі,
Шолжаңдық, көки, есер, «серкелігі».
Мастанып бет келгенге қамшы үйіріп,
Беретін момындарға «желкелігі».
Жегенін құсты бүгін біраз обыр,
Күшпенен жуасыды талай шобыр.
Үлесіп ірі байдың мал мен жерін
Салтына кірді өзгеріс қалың тобыр.
Өзгерді бұрынғыдан байдың құны,
Қулар мен саудагердің құрыды үні.
«Байлықтан көңілі қайтты» уақ байдың,
Жұлынып ірі байдың біраз жүні.
Болмады қазір енді байлар ардақ,
Базары түсті қазір семіз бордақ.
«Болса да аузы әдемі байдың ұлы»
Қоштасты мінезімен «әңгі дардақ».
Әр көлдің жайынсыған мекіресі,
Сыздаған әр ауылдың шікіресі.
Көтіне басын тығып бұқты қазір —
Мысалы: егіннің бүр — кекіресі.
Құтылу қажет енді кедейліктен;
Надандық, мешеу, жабы кенейліктен.
Тегістік дәуіріне жылдам жетіп,
Құтылып тұрмыс ала мерей жіктен.
Әйтпесе қусымақтар біраз бұқпақ,
Жарлының еңбегі оған тағы жұқпақ.
Аңызды тазарттым деп мәз боп қойсаң,
Арам шөп ептеп қозып тағы шықпақ.
Ұқыпсыз болса арамза күзелуі,
Нашардың тұрмысы әбден түзелуі.
Екпіндеп тез болмаса, айтшы жолдас,
Елуге қанша қашық жүз елуің?..
Тағы бір тірек, елде белсенділер,
Болса екен түгелімен ел4 сендірер.
Пәлендер пәленмін деп, пәлен қылды,—
Дейтін жұрт болмаса екен келсең күлер.
Еңбекші ел жаңа түрмен алға басар,
Сан қиын асулардан жеңіп асар.
Шірік заң, шірік салтты жолдан теуіп,
Әлемге тегіс жайлы тұрмыс жасар.
Барша әлем тең тұрмысты ол дәуірде:
Ешкім бай, ешкім кедей — болмас нашар.
Әлемге тең тұрмыстың алтын күні
Шұғыласын жер тобына бірдей шашар.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Сұлу терек

  • 0
  • 0

Кербезсің маңызданған, сұлу терек!
Орандың желбіреген жасыл желек.
Тұрасың ырғатылып, тәкаппарсың,
Басқа ағаш көрінбейді саған серік.

Толық

Орман

  • 0
  • 11

Орман міні,
Мұның да үні
Кейде жұмсақ, кейде шу.
Кейде тынық,

Толық

Қозы Көрпеш

  • 0
  • 0

Орманбеттің аттанған он сан ноғай,
Біреуінің ақылы он сан қолдай.
Мұзтауына екі хан келді көшіп
Ертістегі орысқа бодан болмай.

Толық

Қарап көріңіз