Болашақтағы Көкшетау
Адамзат аласұрып жем іздейді.
Жем тапса: «Енді керек семіз!» дейді.
Тұрмысын жеңілдеуге дамыл көрмей,
Түрліше қиындыққа ем іздейді.
Жеңуге әр қиынды құрал жасап,
Тістесіп, қиындықтың тауын қашап,
Тап-тап боп жұлысады және өзді-өзі
Тұрмыстың тәтті дәмін жеңгені асап.
Тарихы адамзаттың бастан солай,
Тартысқан тамақ үшін өмір жолай.
Тырмысып, үстемдікке құрал жасап,
Іздейді тағы одан да ықшам қолай.
Тың жерде жылым ақса, жыра болмақ,
Жылымдап, аққан жыра ұра болмақ,
Сондай-ақ еңбек ісі бұрынғының
Қазына кейінгіге мұра болмақ.
Тұрмысқа адам тәсіл іздей бермек,
Құрал ғып, тәсілдерін тіздей бермек.
Мұрасын бұрынғының кейінгілер
Сұрыптап, тоқи бермек, үзбей өрмек.
Аз ауыл өсіп, өнсе, ел болады,
Ұра су дами берсе, көл болады.
Жылымнан жыра болып, өзен-көл боп,
Кең арна — аққан дария сел болады.
Ілгері адам-керуен көше бермек,
Табиғат жұмбақтарын шеше бермек.
Құралын өнер-білім молықтырып,
Бірлесіп еңбек табы өсе бермек.
Адамзат көшін бастап, өнерді ат қып,
Тас ноқта обырлыққа есе бермек.
Обырға тұмылдырық кигізген соң,
Тап, тап боп жұлмаласу өше бермек.
Адамзат тынбай зерттеп жер мен көкті,
Сансыз көп қиындықтан ыза шекті.
Біртіндеп жеңіп сансыз қиындықты
Күштерін табиғаттың іске жекті.
Адамзат істей бермек үзбей еңбек,
Біртіндеп табиғатты түгел жеңбек.
Енбекті гүлдендіріп тұрмыс жүгін,
Өнерге түгелімен артпақ теңдеп.
Әлемнің еңбек табы күшін бастап,
Апармақ тегістікке тура қастап.
Шырмаған надандық пен жауыздықты,
Аяқпен жолдан қағып артқа тастап.
Тебілер арсыздарда мысық құйрық,
Сұрқия, жылмаңдарда пысық құйрық.
Өзінен кейіндерге көкиленген,
Өзінен зор әңгіме қысық құйрық.
Жұмсамақ еңбек табы жігер күшін,
Жасамақ жер дүниеге жаңа пішін.
Жоқ қылып қайғы-қасірет жарлылықты,
Жер тобын ұжмақ қылмақ адам үшін!..
Ол дәуір Көкшетауы тегістіктің,
Дүниеде бітпей кезі тегістіктің.
Серт қылып, мойнына артқан еңбек табы,
Мойнынан түсер жері тегіс жүктің.
Болашақ Көкшетауы күмбез зеңгір,
Көлденең орта жолда талай дендер.
Әлемді еңбек табы бастап соған,
Жеткізіп, зеңгір тауға тұрмысты өңдер.
Зеңгір тау — бейне күмбез қиырдағы,
Тегістік, әділдіктің биік тағы.
Көздеген еңбек табы жету үшін,
Әлемге тегіс жайлы бағыт — бағы.
Зеңгір тау көз алдымнан кетпес елес,
Қағады қол сермесем кес-кес белес.
Күнәсыз сұлу сәулет ғашық қылды,
Ұмтылып тез жетпесек, өзі келмес!..
Өнерді еңбек табы құрал етпек,
Кедергі талай асу белден өтпек.
Бар әлем кемшіліксіз, тең тұрмысты,
Көздеген зеңгір тауға ақыр жетпек.
Жер мен көк жұмбақтарын түгел тектеп,
Бұйырмақ табиғатқа: «жүгін!.. шөк!..» деп.
Өнерді көк қанатты самұрық қып,
Мініп ап, зеңгір тауға ұшпақ өктеп.
Жер добы зырылдай бер диірменше,
Ұршық қып адам сені иіргенше.
Тұтқаңа еңбек табы ие болып,
Әмір ғып: «былай жүр!..» деп, үйіргенше.
Асусыз асқар ақбас тауды кесті,
Жол ашып, кеспесе, үңгіп, астын тесті.
Жер тобын орап жатқан мұхиттардың,
Жайынша астын, үстін түгел кешті.
Мінді істеп ұшқыр алып, дүлдүл — пырақ,
Электр түнді қуып жақты шырақ.
Бұл күнде от басындай болды жақын,
Бұрынғы алты ай жүрсе жетпес жырақ.
Бақсыдай аласұрған жын шақырып,
Машина бір күн жүрсе мың шақырым,
Соны да місе қылмай қазіргі адам,
Деді енді: неге жүрді мұнша ақырын?..»
Еңбекші іске жекпек соққан желді,
Тілесе бақша қылмақ батпақ көлді.
Жер үстін тілегінше қайта жасап,
Көк майса гүлдендірмек бетпақ шөлді.
Тілесе ойпаңдарға тау тұрғызар,
Сортаңға ұжмақ-сынды бау тұрғызар.
Теңіздей бұйра құм мен тақырларға,
Көк орай жасыл ала қау тұрғызар.
Түрлерін табиғаттың қолмен қояр.
Асусыз асқар тауды бордай ояр.
Орнатып жер үстіне көркем тұрмыс,
Арамдық, жәбірлікті тегіс жояр.
Тілесе ен дарияның бетін бұрар,
Қиырсыз дөңді іншіктен оңай жырар,
Суларын мұхит, теңіз, дарияның,
Қақпалап, тілегінше айдап сырар.
Өнерді іске жегіп еңбек табы,
Әлемге тегіс, жайлы тұрмыс құрар.
Барша әлем бір-бірімен туысқан боп,
Тегістік, көркем тұрмыс мәңгі тұрар.
Ертек боп қараңғылық ымырт қалар,
Жарлылық байлықпенен ұмыт қалар.
Махаббат, жер үстіне коммун орнап,
Бозторғай қой үстіне жұмыртқалар...
Бастаған еңбек табы әлем — дүрмек,
Сол тауға жетіп бақыт дәуір сүрмек.
Жетісер надан ел ол дәуірге
Күрішпен су ішкендей бірге күрмек.
Жертобы!.. зырылдай бердиірменше,
Ұршық қып адам сені иіргенше.
Тұтқаңа ие болып коммун ел,
Әмір ғып: «былай жүз» деп үйіргенше.
1928 жыл, Қызылорда, Ташкент
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі