Қозы Көрпеш
1. Орманбеттің аттанған он сан ноғай,
Біреуінің ақылы он сан қолдай.
Мұзтауына екі хан келді көшіп
Ертістегі орысқа бодан болмай.
2. Орманбеттің аттанған он сан ноғай,
Біреуінің ақылы он сан қолдай,
Қарабай, Сарыбай өтіпті
Екеуі заманында бойлы қорай.
3. Орманбеттің аттанған он сан ноғай
Біреуінің ақылы он сан қолдай.
Күміс мылтық мойнында, аңға жүріп,
Екі хан қызық көрді талай-талай.
4. Орманбеттің аттанған он сан ноғай,
Ертіске қала салды манат тоғай.
Ер Қозы кем өтіпті егіз жұбай,
Біліп айтқан кісіге жайы солай.
5. Мұзтауына келді де қоныс алды,
Байлығы шыққан адам талай жанға.
Бұғы, марал мен түсіп атайын деп,
Сарыбай бұршынменен аңға бұрды.
6. Сарыбай бұршынменен аңға барды,
Топта қамшы бастырмас жануары.
Күміс мылтық мойнына салды дағы,
Тойтөбені бет қойып соған барды.
7. Тойтөбенің басына шығып тұрды,
Болжады төңіректе талай жерді.
Көз ұшына алыстан қара көшіп,
Бұршынменен бұлдырлап соған барды.
8. Сол қараның қасына келіп тұрды,
Сол жерде Қарабайды таныды енді,
Бұғы марал біз тосып аталық деп,
Тойтөбені бет қойып жарысты енді.
9. Сарыбай, Қарабай аңға шықты,
Екеуі аталы деп даңға шықты.
Тойтөбенің басына шығып тұрса,
Алдынан буаз марал аң қашыпты.
10. Сарыбай бір талайдан шүмденді,
Жасынан мергендігі түсуінде енді,
Қарабай жасын да үлкен, жолың да үлкен,
Бүл маралды сіз ат, — деп ұсынды енді.
11. Қарабай аттан қарғып түсе қалды,
Кедірмей күміс мылтық бетіне алды.
Буаз марал атпаймын, обалды деп,
Үйде зайып күменде деп көңіліне алды.
12. Қарабай Сарыбаймен бірге аттанды,
Оғын салып Қара хан неге атпады.
Буаз марал атпаймын обалды деп,
Үйде зайып күменде деп атпады.
13. Аттан қарғып Сары хан түсе қалды,
Кідірмей күміс мылтық бетіне алды.
Қарыны жерге сызған буаз марал,
Сол маралды байқамай басып салды.
14. Аттан қарғып Сарыбай түсе қалды,
Кідірмей күміс мылтық қолын алды.
Ішек-қарын шұбалып жерге түсіп,
Екі буаз аңырап жетім қалды.
15. Аңға шықты екі хан теңдей болып,
Атып шықты Сары хан ердей болып.
Екі буаз аңырады жетім қалып,
Бейне балан аңырасын мендей болып.
16. Сарыбай хан екен табында енді.
Бәйгеден жүйрік келер бабында енді.
Ақ сары бас алдаға қойын айтып,
Мойнына кісесін сап жалынды енді.
17. Ақ киікті бастаған деген екен,
Деген атып еттерін жеген екен.
Сол заман қалыбына орай адам,
Құда болсақ қайтеді деген екен.
18. Ақ киікті бастаған деген екен,
Деген атып еттерін же ген екен.
Сенен ұл да менен қыз туғанда
Құда болсақ болалық деген екен.
19. Ақ киікті бастаған деген екен,
Деген атып еттерін жеген екен.
Екеумізден тең ұл туса да,
Құшақтасып дос болыстық деген екен.
20. Қарабай мен Сарыбай аттанды аңға,
Аталы екеу шықты даңға.
Бірінен ұл, бірінен қыз туыпты,
Құдай тағала салыпты жолын оңға.
21. Ақ киіктің суаты қақты дейді,
Қылған ісі алдаға жақты дейді.
Сарыбай қатыны ұл тапты деп,
Екі кісі жарыса шапты дейді.
22. Екі мерген келеді су өрлесіп,
Күн суығын білмейді көңілі өсіп.
Сүйіншілеп екі адам келсе жетіп,
Сарыбай дімсе шапан берді шешіп.
23. Екі мерген келеді су өрлесіп,
Күн суығын білмейді көңілі өсіп.
Екеуін тең разы қылайын деп,
Тағы берді астынан атын түсіп.
24. Екеуің сүйіншілеп келдің дейді,
Құдай-ай бір қуанышты көрдім дейді.
Мұныменен қоймаймын екеуіңді,
Үйден барып берермін жүз өлгейді.
25. Ақ киіктің суабы қақты дейді,
Қылған ісі аллаға жақты дейді.
Қарабайдың қатыны қыз тапты деп,
Екі кісі жарысып шапты дейді.
26. Екі мерген келеді су өрлесіп,
Күн суығын білмейді көңілі өсіп.
Сүйіншілеп екі адам келсе жетіп,
Қарабай қамқа тоңын берді шешіп.
27. Екі мерген келеді су өрлесіп,
Күн суығын білмейді көңілі есіп,
Екеуін тең разы қылайын деп,
Қарабай тағы берді атынан түсіп.
28. Екеуің шүйісшілеп келдің дейді,
Құдай-ай бір қуанышты көрдім дейді,
Мұныменен қоймаймын екеуіңді,
Мен де үйден берермін жүз өлгейді.
29. Сарыбай үйге қарап желді дейді,
Екі адам сүйіншілеп келді дейді.
Сүйіншілеп ат берген жалғызының,
Игілігін көрмей-ақ өлді дейді.
30. Сарыбай үйге қарап желді келіп,
Ат берді сүйіншіге ойнап-күліп,
Сүйіншіге ат берген жалғызының,
Игілігін көрмей-ақ өлді дейді.
31. Біреуі басын сүйеп сонда қалды,
Біреуі ойбай салып үйге салды.
Сарыбай өлді деп барғаннан соң,
Жас босанған бишара бейнет болды.
32. Қожалар ала қағаз хат оқиды,
Өлім шыққан үйлерге жат оқиды.
Тоқсан саба толтырып сол
Қара хан Сарыбайдың үйіне бата оқиды.
33. Құл-құтан құры сөзге семіреді,
Жаман қатын, жас бала не біледі.
Әкеден жаста қалған ер Қозыекем,
Иттістеген сүйекті кеміреді.
34. Қарабай сонда кетті жұртын қиып,
Алған беттен көңілін тастай түйіп.
Қызымды жетім ұлға бермеймін деп,
Мұзтауынан көше қашты түнде өтіп.
35. Билеп қоныс алады салқынменен,
Қара сауры болар талқыменен.
Қызымды жетім ұлға бермеймін деп,
Қарабай көше қашты халқыменен.
36. Қарабай жылқы айдайды көш суынан,
Тоқсан күл келеді көшін жандап.
Заманым әлде қандай болады деп,
Кезең асты түйесін қос құйысқандап.
37. Будан бұйрыл жүгірер бабыменен,
Жезді ай балта жоғалтты сабыменен.
Жесірі жетім ұлдың келе ме деп,
Тайлақ би кеңес қылды табыменен.
38. Қасы сұлу көрінер мұртыменен,
Аққу ойнар балапан көліменен.
Жесірі жетім ұлдың келе ме деп,
Тайлақ би кеңес қылды еліменен.
39. Кісе сұлу көрінер беліменен,
Аққу ойнар балапан көліменен.
Жесірі жетім ұлдың келе ме деп,
Тайлақ би кеңес қылды жұртыменен.
40. Қарабай сол көшкеннен арман өтті,
Шыршық мінен бас судан көктей өтті.
Әзіреттің тауынан аса көшіп,
Шолақ қорған Қаракөл жерге жеті.
41. Қарабай сол кешкеннен арман өтті,
Шыршық менен бас судан кектеп өтті.
Жетім ұлдың жесірі келе ме деп,
Тайлақ би он бір кісі соңынан қуып жетті.
42. Қарабай тіпті кетіп қалмақ болды,
Бойын сол жер аулаққа салмақ болды.
Артынан Тайлақ би он бір кісі,
Кез келіп өзің байлап ат тонын алмақ болды.
43. Қарабай тіпті кетіп қалмақ болды,
Бойын сол жер аулаққа салмақ болды.
Елдің бәрі жау болып кетпейміз деп,
Тағы да жарым кісі қалмақ болды.
44. Қарабай сол көшкеннен арман өтті,
Арман құлға сөйлеспей елден не өтті?
Құба белдің үстіне бір күн түнеп.
Құлан, тай бәрі сонда шөлдеп өтті.
45. Қарабай сол көшкеннен құмға келді,
Түйенің қомын алмай Шуға келді,
Бетпақтың даласына келгеннен соң,
Су таппай құлын, тай шөлдеп өлді.
46. Құлын тайым қырылды тамам,
Қодар, Бір су тауып берсеңші маған,
Қодар. Осы жерден бір суды тауып берсең,
Ақ Баянды берермін саған, Қодар.
47. Қодар құлдың мінгені күрең азбан,
Аяғын ақсай басып қоразданған.
Қарабайдың бір айтқан сөзіменен.
Тоғыз құдық Қодар құл жалғыз қазған.
48. Қарабай сол көшкеннен арман өтті,
Арман құлға сөйлеспей елден не өтті.
Сол көшкеннен түйенің қомын алмай,
Ұзын Бұлақта жатқан жерге жетті.
49. Қарабай сол көшкеннен арман өтті,
Арман құлға сөйлеспей елге не етті.
Мұның барған жерін сол көрейін деп,
Сонда Айбас құл артынан еріп кетті.
50. Қарабай сол көшкеннен тағы салды,
Қодар құлдың, ойласам жоқ арманы.
Сол көшкеннен түйенің қомын алмай,
Абылайдың Көкшетау соған барды.
51. Шаңырақты көтерген қалам дейді,
Адамзатқа бұйырған сәлем дейді.
Қодаржан, жақсы қоныс тауып берсең,
Ақ Баянды берермін саған дейді.
52. Қодар құл сол заманда жанның ері,
Тоқсан құлдың ішінде көкжал бөрі.
Жақсы қоныс Қарабай мен табайын,
Алты құлаш бедеуді алып кел бері.
53. Қодар күл сол бедеуге мініп алды,
Екі месті байланып суға барды.
Қодар сол бедеуге мінгеннен,
Болдырғанын білдірмей
Құсмұрынға барды.
54. Кідірмей Құсмұрынға жетіп барды,
Үйде жатқан Баянды көңіліне алды.
Құсмұрыннан болжайды Аягөзді,
Ағып жатқан Аягөз суға барды.
55. Ағып жатқан Аягөз суға барды,
Екі месті толтырып құйып алды.
Аягөзден бедеуді бір қаптырып,
Екі месті байланып қайта салды.
56. Қарабай суды тауып келдім дейді,
Сондай жақсы қонысты көрдім дейді.
Бедеу тартып месімді жүре алмадым,
Азап көріп далада өлдім дейді.
57. Қайыспас қара болат еменді енді,
Қарабай кетіп қалды төменге енді,
Күн жарымнан түйесін қомдап алып,
Аягөзді бет алып жөнелді енді.
58. Қарабай Аягөзге келді жетіп,
Жетіп түйенін қомын алды шешіп,
Аягөздей жақсы қоныс тапқаннан соң,
Қалмақтан кісі шүйіншілеп келді жетіп.
59. Манап ханның сүйіншісі келді дейді,
Баян сұлуды балама берсін. дейді.
Бүл Баян билігінен білмеймін деп,
Қодар білсін, Қарабай білсін дейді.
60. Манап ханның сүйіншісі келді дейді,
Баян сұлуды балама берсін дейді,
Қодар құлда күш көп болғаннан соң,
Өлсем де ақ Баянды бермеймін дейді.
61. Манаптың уәзірі қайтіп барды,
Қарабайдың ақылын тартып барды.
Қодар деген бір құл бермейді деп
Сол жауапты Манапқа айтып барды.
62. Ерулікке шақырдым келсін дейді,
Менің қызығымды көрсін дейді.
Қодарға бүл сәлемімді айта бар деп
Баянды ұлыма берсін дейді.
63. Менің қызығымды Қодар көрсін! дейді,
Баянды менің ұлыма берсін дейді.
Менің тағы жалғыз қызым бар еді ғой,
Қодаржан сол қызымды алсын дейді.
64. Шақырған соң Манапқа барайын да,
Ерулікке қызығын керейін де.
Қанжарлығы тегінде болмайды,
Амалым жоқ Баянды берейін де.
65. Шақырған соң Манапқа берейін де,
Ерулікке қызығын корейін де.
Көреріме келбеті тәуір болса,
Манаптың жалғыз қызын алайын да.
66. Шақырған ерулікке соған жүрді,
Үйінде еркек адам қалмай жүрді.
Жер аулақта Баянға сөйлескелі
Айбас құл үй жағына қайта жүрді.
67. Ғаббас құл үйге қарап жүріп келді,
Жақсы сөздің боларын біліп келді.
Үй аулақта Баянға сөйлескелі
Баянның күймесіне кіріп келді.
68. Сен жаман құл күймеме неге кірдің?
Алыс жерден жауаптан нені білдің.
Жаман құлдар білмейсің кетерімді
Қарабайдың көп құлы сенен өлді.
69. Е, Баянжан, сөз айтамын анда дейді,
Кей мінезің өзіңнің тар ма дейді.
Сені Манаптың жалғыз ұлына бермек болды,
Атастырған жеріңіз бар ма дейді,
70. Әкеміз жас күнінде мерген екен,
Талай анды атып-ақ жүрген екен.
Анда жүріп бір ханмен жолдас болып,
Соның жалғыз ұлына берген екен.
71. Сен Қозекемнің Баяны сен едің — ай,
Сарыбайдың інісі мен едім - ай,
Өзіңнен таза жауап есіткелі
Әлі де еріп соңыңнан жүр едім - ай.
72. Ей, кім бүл, тіліңе сенейін - ай,
Икемге бұрынғымнан көнейін - ай,
Апарып Қозекемге табыс қылсаң,
Қолымнан алтын жүзік берейін - ай.
73. Е, Баянжан, бұл жауапты айтайын деп,
Сенің де ақылыңды тартайын деп,
Өзіңнен таза жауап естіген соң
Мен жүремін үйіме қайтайын деп.
74. Ей, кім бүл, тіліңе сенейін - ай,
Икемге бұрынғымнан көнейін - ай.
Қозекеме апарып табыс қылсаң,
Алтынды тақиямды берейін - ай.
75. Ей, кім бүл, тіліне сенейін - ай,
Икемге бұрынғымнан көнейін - ай.
Өз көзімдей Қозекем көрсін - ай деп,
Алтынды домбырамды берейін де ай.
76. Айбас сол сәлемінен бәрін берді,
Азығы таусылмастай салып берді.
Жүйрік жақсы аттарға мініп алды,
Асыл жақсы киімнен алып берді.
77. Асыл жақсы киімнен алыпты енді,
Жүйрік жақсы аттарды мінді енді.
Бір Ысты бір Төлеу қосшы ғылып,
Айбас құл үй аулаққа жөнелді енді.
78. Айбас құл сол салғаннан тағы салған,
Бір Ысты бір Төлеуді жолдас қылған.
Қол қобдиы жанынан түсіп қалып,
Мынау Сандықтас дейтғұын жер содан қалған.
79. Айбас қашты бес торы ат бедеуменен,
Бір Ысты жолдас қылып Телеуменен.
Заманым әлдеқалай болады деп
Бір қысқаш, бір балға алды егеуменен.
80. Айбас құл сол салғаннан тағы салған.
Бір Ысты бір Төлеуді жолдас қылған.
Қос ат қалған бедеу тұрып қалып,
Жауыртағы дейтұғын сонан қалған.
81. Айбас құл сол салғаннан тағы салған,
Бір Ысты бір Телеуді жолдас қылған.
Қол бақыры қабыменен қонып алып,
Темірші мен Қазанғап сонанан қалған.
82. Айбас құл сол салғаннан тағы салған,
Бір Ысты бір Төлеуді жолдас қылған.
Жорға кұнан бір жерде тұрып қалып
Жауыр жорға дейтұғын сонан қалған.
83. Айбас құл сол салғаннан тағы салған,
Бір Ысты бір Төлеуді жолдас қылған.
Арықтаған бір айғыр тағы қалып
Шұбарайғыр дейтұғын сонан қалған.
84. Айбас құл сол салғаннан тағы салған,
Бір Ысты бір Төлеуді жолдас қылған.
Ағып жатқан суға домбыра кетіп
Домбыра кеткен дейтұғын сонан қалған.
85. Айбас құл сол салғаннан тағы салған,
Бір Ысты бір Төлеуді жолдас қылған.
Бір ұйықтаған жерінде тақия қалып,
Тақия қалған Мойыншақ тау сонан қалған.
86. Айбас құл сол салғаннан тағы салған,
Бір ЬІсты бір Төлеуді жолдас қылған.
Көк қамшысы артынан түсіп қалып
Қамшы деген өзен су сонан қалған.
87. Айбас құл сол салғаннан тағы салған,
Бір Ысты бір Төлеуді жолдас қылған.
Тоқырауын бойында үш күн жатып,
Тоқырау бойы да сонан қалған.
88. Айбас құл сол салғаннан тағы салған,
Он күншілік жерлерді бір күнде алған.
Сол салғаннан келеді тізгін тартпай,
Мұзтауындағы өзінің үйіне барған.
89. Ойпаң жерге қар жауса, белден күртік,
Торша ат жорта алмады майдан кілкіп,
Мұзтауында Айбас құл үйге барса,
Сонда Жаңыл шығады бетін жыртып.
90. Жеңеше, құдай сақтап келдім аман,
Бұрынғыдай болар ма бізге заман.
Біз кеткелі талай - ақ болып кетті,
Аман-есен жүр ме екен жалғыз балам..
91. Күннен де санаймын шырағы ма,
Меккедегі бір ағаш пырағы ма,
Оны естісе бұл жалғыз тұрмас мұнда,
Суық сөзді түсірме құлағына.
92. Қозекем жүз баламен ойын салды,
Ысты менен Төлеуді ертіп алды.
Келді де жүз баламен ұрыс салды,
Жүзінің қақ жартысын қырып салды.
93. Жүзінін қақ жартысын қырып салды,
Ысты ағасы Қозекеме болыспай тұрып қалды.
Маған неге болыспай тұрдың сен деп,
Қозекем Ысты ағасын қаға салды.
94. Қу жетім бүл қылығың жөн бе еді деп,
Сенен менің көңілім кем бе еді деп,
Қарап тұрған кісіні ұрып тұрып
Ақ Баяннан айырған мен бе едім деп,
95. Қозекемнің қолында алтын асық,
Келе жатыр Қозекем балпаң басып.
Алтын сақам берейін ал тас шеке,
Айтып бер әлгіңді хатқа басып.
96. Жатқаныңнан тұрғаның қояндай –ай,
Көкірекке бүл сөзің аянды - ай.
Сен сұрасаң Қозекем ме айтамын,
Әкең қосқан кет құдай Баянды - ай.
97. Қозекем ойын ойнар дүкен құрып,
Ашуланса кетеді топты бұзып,
Алтын сақа келеді тастай - тастай
Бір кемпірдің өрнегін кеткен үзіп.
98. Қу жетім бұ қылғанын жөн бе еді деп,
Сенен менің көңілім кем бе еді деп,
Қарап тұрған өрмегін үзіп кетіп,
Ақ Баянды айырған мен бе едім деп,
99. Сол кемпірдің қасына жақын келді,
Өрмегін келді дағы жалғап берді.
Алдап қарап арқаға қаққан болып
Енеке, әлгіңді айтшы деді.
100. Бұл бала меніменен ерегескен,
Өзі жетім бір сорлы күнін кешкен,
Қарабай Мұзтауынан асып кеткен,
Қодар деген бар құлы еріп кеткен.
101. Он сан ноғай болғандай Орманбет ол,
Ердің қарағашы болғанда бектері ол,
Қызымды жетім ұлға бермеймін деп,
Қарабай көше қашып кеткені ол.
102. Қаңқылдап қаз келеді атайын да,
Бидай қуыр қолыңнан татайын да,
Атым сайла, шешеке, тоным сайла,
Әкем қосқан Баянға жетейін де.
103.Қалыңыз кар ағашын қарайтады,
Баянның қара шашын талайтады.
Баян деген сөзіңді жаңа есіттім,
Жағы түскір жүгермек кім айтады?
104. Бұл сөзді жас айтады, кәрі айтады,
Қималдаған жандардың бәрі айтады.
Асық ойнап жүргенде бала айтады,
Өрмек қаққан бір кемпір жана айтады.
105. Жаңа шыққан солқылдақ тал ма, балам,
Тілімді алсаң бұл жолға барма, балам.
Жетім ұлды тентіреп өлсін дейді,
Кемпір түгіл шал айтса нанба, балам.
106. Мен Баянға барармын күн қайтқанда,
Мыңда қайтып жетермін жыл кайтқанда.
Шешеке, өзге өзгесін нағылайын,
Сай сүйегін сырқырар кісі айтқанда.
107. Қара бұлт келеді мендей болып,
Кескен қайың жатады жеңдей болып.
Мұны саған сыр қылып айтқан кісі,
Қара шашы жайылсын мендей болып.
108. Жас күнінде жүргенің айла дейді,
Нешік амал қылармын айла дейді,
Ер жеткелі көзіме көрінбейді,
Шешеке, сенің малың қайда дейді.
109. Тоғыз мың дәурен өткен тоқпан қатар,
Атаңнан жалғыз тудың өзің татар,
Жаста қалған жалғызым ер жетсін деп,
Біткен малдың бәрі де отта жатыр.
110. Темір кебіс Қозекем киіп алды,
Темір таяқ қолына ұстап алды.
Екі етегін беліне түріп алды,
Отта жатқан малына жаяу салды.
111. Пайғамбар бізден бұрын етті дейді,
Тілеулі арыстан кемелге жетті дейді.
Толып жатқан бір қойға келді дағы
Бұл қойыңыз кімдікі депті дейді.
112. Кім айтар жалшылықпен күн өтсін деп,
Жылаймыз Сарыбайға кім жетсін деп.
Сарыбайдан Қозекем қалып еді,
Бағып жүрміз бұл қойды ер жетсін деп.
113. Қойды баққан ағалар сен едіңдер,
Үйден шығып мен жаяу келемін дер.
Ер жетсін деп бұл қойды бағып жүрсің,
Жаста қалған жалғызың мен едім дер.
114. Қарағым, жетім қалдың қандайыңнан,
Өзің татар солқылдақ сондайыңнан,
Жаста қалған жалғызын таныған соң,
Иіскелеп жылады маңдайынан.
115. Өзі жаяу Қозекем келді мойып,
Малын керіп кеңілі кетті тойып.
Жасиа жатқан жалғызын таныған соң,
Қойшылар той қылды қошқар сойып.
116. Өлеңін ақиқат жарай деді,
Сегіз ұжмақ бейіс сарай деді.
Үйден шығып келемін әлі жаяу,
Жылқы жөні, ағалар, қалай деді.
117. Заманақыр болғанда күтіп жатыр,
Арғы ауылдың, қоңыр жолын үйдей татыр,
Жылқы жөнін, шырағым, сонан сұра,
Қара сеңгір бауырында сиыр жатыр.
118. Пайғамбар бізден бұрын өтті дейді,
Әркім әлегі бір зауал жетті дейді.
Толып жатқан сиырға кез болды да,
Бұл сиыр кімдікі депті дейді.
119. Кім айтар жалшылықпен күн өтсін деп,
Жылаймыз Сарыбайға кім жетсін деп,
Сарыбайдан Қозекем қалып еді,
Бағып жүрміз сиырды ер жетсін деп.
120. Үйден шығып мен жаяу келемін деп,
Сиыр баққан ағалар сен едің деп.
Ер жетсін деп сиырды бағып жүрген,
Жаста қалған Қозыекем мен едім деп.
121. Қарағым, жетім қалдың қандайыңнан,
Өзің татар солқылдап сондайыңнан.
Жаста қалған жалғызын таныған соң,
Иіскелеп жылайды маңдайынан.
122. Өзі жаяу Қозыекем келді мойып,
Малын көріп көңілі кетті тойып,
Жаста қалған жалғызын таныған соң,
Сиыршы да той қылды, бұқа сойып.
123. Бір жақсы, бір жамандық орай дейді,
Жастан бейнет коп кердім талай дейді.
Үйден шығып келемін әлі жаяу,
Ағалар жылқы жөні қалай дейді.
124. Болғанда заман ақыр күтіп жатыр,
Арға ауылдың қоңыр жолын үйдей татыр.
Қарағым, жылқы жөнін сонан сұра,
Сары судың бойында түйең жатыр.
125. Пайғамбар бізден бұрын өтті дейді,
Әр кімге бір зауал жетті дейді.
Толып жатқан түйеге кез болды да,
Бүл түйеңіз кімдікі депті дейді.
126. Кім айтар жалшылықпен күн өтсін деп,
Жылаймыз Сарыбайға кім жетсін деп.
Сарыбайдан Қозыкем қалып еді,
Бағып жүрміз түйені ер жетсін деп.
127. Үйден шығып мен жаяу келемін деп,
Түйе баққан ағалар сен едің деп,
Ер жетсін деп түйені бағып жатсаң,
Жаста қалған Қозыекем мен едім деп.
128. Қарағым, жетім қалдың қандайыңнан,
Өзің татар солқылдақ сондайынан.
Жаста қалған жалғызын таныған соң,
Иіскелеп жылады маңдайынан.
129. Өзі жаяу Қозыкем келдім мойып,
Малын көріп көңілі кетті тойып,
Жаста қалған жалғызын таныған соң,
Түйешілер той қылды бұқа сойып.
130. Өлеңнің ақиқаты жарай дейді,
Сегіз ұжмақ бесін сарай дейді.
Үйден шығып келемін әлі жаяу,
Жылқы жөні, ағалар, қалай дейді.
131. Шәй пісер қайнағанда самасында,
Жамандық қас пен көздің арасында.
Айыр сақал ішінде бағып жүрген,
Жылқың жатыр ақ дария жағасында.
132. Жылқысына қозыкем келді дейді,
Біткен малдың бәрін көрді дейді.
Сан жылқының ішінде тандап жүріп,
Күреңкейді астына мінді дейді.
133. Жылқысына Қозыкем келді дейді,
Біткен малдың бәрін көрді дейді.
Қырық биені іріктеп тізіп алып,
Үйге қарап сонан соң жүрді дейді.
134. Қырық биені өкпелеп кіргізді енді,
Елі менен жұртына білгізді енді.
Ақыл тегін бәрінен сұрайын деп,
Бәрінде де жосып жосын кіргізді енді.
135. Азығыңды артуға түйе ал, балам,
Азығыңа бір семіз бие ал, балам.
Тілімді алсаң осы жолға барма, балам,
Қарабайдың Қодары қиын, балам.
136. Арқар атар мерген де мүйізіне,
Найза сынар шанышқанда үңгесінде,
Олардан ақыл тегін сұрайын деп,
Қыз-бозбала келіпті құрбысына.
137. Өзен суды жағалай бітер қамыс,
Аяғы жорға малдың келер шалыс.
Жанды кісі жесірін жіберер ме,
Ат басыңа соғыссаң болар намыс.
138. Атаңнан жалқы туған ер едің деп,
Тең құрбыңның ішінде сері едің деп,
Мен айтпасам сырымды кім айтады,
Қара Қозы құрдасың мен едім деп.
139. Бұл күреңкей мінуге жарамайды,
Жаман ат алысқа бара алмайды.
Қозыкем жақсы ат таба алмасаң,
Баян сұлудың жолына бара алмадың.
140. Сарыбайдың жақсы аты екеу дейді,
Ақ бұршын, көк бұршын екеу дейді,
Әкең өзі өлгеннен соң,
Аспанға ұшқан ол екеу дейді.
141. Мұзтауының ар жағына барсаң дейді,
Жеті айшылық жерге келсең дейді.
Алтын астау, күміс астау бар болар,
Сол екі ат тауып алып барсаң дейді.
142. Қозыкем Мұзтауына барған екен,
Екі бұршыңды астауменен тапқан екен.
Екі бұршын ат мініп алып,
Шауып барып үйіне қайтқан екен.
143. Қиыспас қара болат еменді енді,
Қарабай кетіп қалды төмен дейді.
Кеңшілік шешесі бермеген соң,
Ыңыршақ ерге мініп жөнелді енді,
144. Ер Қозыкем аттанды тәубе етіп,
Шешесі соның жылар есен жет деп,
Екі емшегін тең шығарып,
Дым болмаса мынаны еме кет деп.
145. Қарағым,бұл барғаннан қош барғайсың.
Етегін алтын тонын бос салғайсың,
Қыз қызығы, қарағым, қиын болар,
Үйде қалған шешенді еске алғайсың
146. Шешеке, бұл барғаннан қош барайын,
Етегін алтын, тоңын бос салайын.
Намысыма барамын жұртым үшін,
Тірі жүрсем, шешеке, еске алайын.
147. Аман да бол дейді де кетті дейді,
Көз жеткісіз дариядан өтті дейді.
Сол жүргеннен келеді тізгін тартпай,
Келіп-ақ талай жерге жетті дейді.
148. Қозыкем азығына май алады,
Жүре берсе коп жерге таянады.
Алтын құдық алдында қайнап жатыр,
Малып алса айдары боялады.
149. Қарабай әуелі бастан құйығыпты,
Ақ бұршын көк бұршынмен мойығыпты.
Салға жортып келгенде ер Қозыкем,
Тағы да бір кемпірге жолығыпты
150. Кемпір айтты:
Е, балам, кірің, — дейді,
Әзір ас бар, ішіңіз үйде, — дейді.
Атын арық болғанда жүзің сары,
Нағып жүрген адамсың, сөйле, — дейді.
151. Мінгенде атым астымда ақтан кермін,
Далада жортып жүрген мен бір ермін.
Мені сұрап нетесің, ай, енеке,
Аулын Қарабайдың іздеп жүрмін.
152. Қалай-қалай сөйлейсің қан қылғандай,
Қарабайдың аулын тал қылғандай.
Түсе қалып атыңның демін алдыр,
Ауылы үлкен ханның табылғандай.
153. Аягөздің бойына бітер қайың,
Мұңды болған Баянды жұбатайын,
Тұра келіп ауылыңның жөнін көрсет,
Атымды бір жолата суытайын.
154. Мінгенде астында атын керді, балам,
Киген тоны алтын мен зерді, балам.
Қарабайдың ауылын коп сұрайсың,
Қарабайда нең бар еді, балам.
155. Мінген атым астымда кер, енеке,
Киген тоным алтын мен зер, енеке,
Қарабайдың ауылын көп сұрасам,
Баян қыздың күйеуі мен, енеке.
156. Бір сөз айтсам, балам - ау, күлермісің?
Біздікінде аял қып жүрермісің?
Баян қыздың күйеуі сен болғанда,
Кіндік енең мен едім білермісің?
157. Енеке, сол сөзіңе күле алмадым,
Аял қып сіздікінде жүре алмадым,
Баян қыздың күйеуі мен болсам да,
Кіндік енем сіз болсаң, біле алмадым.
158. Енекем корсет десем ерінеді,
Түре келсең бір жері көміледі.
Еркін көзім жетпеді, әй, енеке,
Қарауытып бір нәрсе көрінеді.
159. Ерінеді дейді екен сенің ойың,
Сәрсенбі күні қылады қыздың тойын,
Қарауытып көрінген, атаң бойы,
Қасындағы Қарадыр жайған қойын.
160. Қарауытып көрінген Қарабай ма?
Қарабайды көрсетер тәңір бар ма?
Қарабайдың ауылына барған болсам,
Баян деген бір сұлу қызы бар ма?
161. Ата-тегін айтамын тең білгендей,
Ақылымды айтамын жөн білгендей.
Қарабайдың үйіне әуес едім,
Баян деген қызы бар мен білгендей.
162. Менің айтқан сөзімді қостап барсаң,
Атың менен тоныңды тастап барсаң.
Өзің тағы құбылып тазша болып,
Бетіңе жаман киім ұстап барсаң.
163. Қозыкем айтты: разымын бүл сөзіңе,
Тәуіп қылып жүре бер оң көзіме,
Кекілімнен бір қылды тұтатқанда,
Сонда пайда болармын мен өзіңе.
164. Қозыкем атын тастап жүре берді,
Бейне қардай еседі қара жерді,
Салға жортып келгенде ер Қозыкем,
Қарабайдың малына душар келді.
165. Мінгені ер Қозыкем кер құлады,
Кер құланың сауырын тең қылады.
Қарабайдың қойшысын ұстап алып,
Бұттан алып тазшасын жерге ұрады.
166. Сол тазшаның киімін киіп алды,
Сықылды сол тазшадай бола қалды.
Бұрын қойды жаймаған сорлы, шіркін,
Ауыл жөнін білмей сол кешке қалды.
167. Қарабай келе жатыр жер сабалап,
Астындағы көк шолағын бек төбелеп,
Мұнша қойды сен түнде әпкелдің деп,
Ашуланып келеді бірдеме деп.
168. Кебенектің бір шетінде ұйықтаппын,
Күнге бетім қарап ұйықтаппын,
Адастым деп, Қарабай, сөге көрме!
Әлі де болса ауылды жуықтаппын.
169. Азырақ аттың басын тарт, Қарабай,
Шапшаңырақ үйіңе қайт, Қарабай.
Бүгінгі күн қарыным ашып келді,
Ат жалында жаулауға ас, Қарабай.
170. Ат мінесін Қарабай, бек тағалап,
Азырақ қасқыр ауылында жүр сығалап.
Қу бас іңген үйінде шөгіп жатыр,
Бозша тайлақ жүреді жар жағалап.
171. Судың көркі көк ырғай талды дейді,
Адам көркі киім мен малды дейді.
Шапшаңырақ үйіңе қайт Қарабай,
Тоғайда қашағаның қалды дейді.
172. Бағана бесін еді мен кеткелі,
Қабағына қарадым ер жеткелі,
Ат жалында жаулауға ас дейді ғой,
Ойбай, балам, тазшаның ол не еткені.
173. Үйіңе шапшаңырақ қайт дегені,
Азырақ аттың басын тарт дегені,
Ат жалында жаулауға ас деп айтса,
Ат үстінен темекі тарт дегені.
174.Жаз алты ай, қыс он екі айды айтқаны,
Бозша тайлақ дегені бізді айтқаны.
Қу бас інген дегені шешемді айтқаны,
Ақсақ қасқыр дегені тазша тағы.
175. Баянның зерәші қой болған екен,
Ол қой Қозыкемді таныған екен,
Бір аяғымды ақсап қала берейін деп,
Сен Баянды шақырып ал деген екен.
176. Қарабай ерте тұрып қақырады,
Баянның қара нары бақырады.
Жол үстінде зерәлі қой қалды деп,
Қозыкем тазша болып шакырады.
177. Жайлауы Қарабайдын сары белде,
Қара жолға салдырып Баян келді,
Не еткенсің, сындырып шұнақ тазша,
Қойымды шапшаңырақ ап бер дейді.
178. Қоңыр қойдың қасына Баян барды,
Артынан ер Қозыкем тағы барды.
Қойын алып алдына өңгерткен болып,
Баянның тақымынан шымшып салды.
179. Қоңыр қой ұстайды деп қашпа дейді,
Тазша құл ұстаған соң саспа дейді.
Ит шіркін жемес астан үміт қылып,
Шымшығаның не еткенін тазша, — дейді.
180. Қозыкем көк бұршынға мінді дейді,
Жат ініне қызыл түлкі енді дейді,
Итке кімді теңейсін аңқау бейбақ,
Әкең қосқан асық жар кімді дейді.
181. Тазша құл менің жарым сен демеді,
Зәуде мұнда келсе өлмес пе еді,
Менің жарым сол мұнда неге келсін?
Үйіндегі шешесін жемдеймеді.
182. Шешемнен білмедің бе кеткенімді,
Дариядан көпір салып жеткенімді.
Айтып тұрсам білмейсің аңқау бейбақ,
Артыңнан тазша болып өткенімді.
183. Көш алдынан мінгенім күрең жорға,
Құлағына қыз тағар алтын сырға.
Сен тазшаның көңілі өскен екен,
Басынды алдырайын тоқсан құлға.
184. Мінгенім көш алдына күрең жорға,
Күнде өтіп барады жылдан жылға,
Мың бір әлім сөз айтсам бұрылмайсың,
Енді барып тие бер Қодар құлға.
185. Қозыкем мінгені атқа керді,
Баян қыз көріп пе едің мендей керді,
Бір сөзінің ішінен қып алды да,
Қырын қарап, жон тартып жүре берді.
186. Кеш болып Баянжан ұйықтап қалды,
Ер Қозыкем күймесіне кіріп барды,
Кіріп барып жерде жатқаннан соң,
Күймесі күндей болып жарық болды,
187. Баянжан сол жарықтан оянды енді,
Түре келіп таң атты деп ойланды енді,
Таң атты деп тысқары шыққаннан соң,
Қап-қара түн болғанын көрді енді.
188. Таң атқан жоқ екенін көрді дейді,
Қайтып барып күймесіне кірді дейді.
Ер Қозыкем түнде сонда жатып,
Алтынды айдары жарық болды дейді.
189. Сені мен танымадым, жалғызым - ай,
Қадіріңді білмей жүрдім, шырағым - ай.
Басын құшақтап тізесіне салды тағы
Тазша болып неге келдің, шырағым - ай.
190. Шешеке, бір қуанышты көрдім дейді.
Ер Қозыкем үйімізге жетті дейді,
Сіңілім менің күймеме кел жүгіріп,
Шырағым қасында жаттым дейді.
191. Шешеке бір қуанышты көріп алды,
Баян мен Қозыкемді көріп алды,
Сіңілісі мен шешеке қол ұстасып,
Бесеуі сағынып бұл жерде отырып қалды.
192. Мен Қозыкемнің Баяны мен едім - ай,
Сарыбайдың жалғыз ұлы сен едің - ай.
Әкем менен Сарыбай жолдас болып,
Сол жалғыз ұлына мені бергені - ай.
193. Баян менен Қозыекем жатты екеуі,
Белден төсек алтын шымылдық салды екеуі.
Ішінде екеуі жатып ойнап-күліп,
Алма шекер жеп тұрды екеуі.
194. Баян менен Қозыекем жатты екеуі,
Белден төсек алтын шымылдық салды екеуі.
Tүpe келіп ертең тамақ ішкен соң,
Көңілі сонша жақсы болды дейді.
195. Бір жерде жатқанын көрді Қодар,
Көрді дағы жақсыларға айтты Қодар.
Баянжан тазшаменен бір жатыр деп,
Жиылған жақсыларға айтты Қодар.
196. Бір жерде жатқанын көрді дейді,
Көрді дағы жақсыларға айтты дейді.
Тазшаменен жатқанын көргеннен соң,
Кім болса да тазша келсін дейді,
197. Қозыкем жатқан жерден тұрған екен,
Алтын мен күміс тонын киген екен,
Көк буыршынды ерттеп алып соған мінді,
Баянжанмен екеуі жүрген екен.
Көк буыршынды ерлеп алып мінді енді.
Әдемілігі күн менен айдай болып,
Алпыс қанат үйге жетті енді.
199. Үйге жетіп Қозыкем аттан түсіпті,
Есікті ашып Қозыкем үйге кіріпті.
Алтын шымылдық жерге жайып отырғызып,
Іш мырза деп арақ пен шарап ұсыныпты.
200. Ер Қозыкем ішкеннен соң мас болған,
Аяғы шалынып жығылайын деп әрең тұрған.
Тысқарыдан Баян жабығып ашып қарар,
Жүр, Қозыкем, шық енді деп шақырған.
201. Баянжанның көзіне көзі түсіп,
Көзіне түсіп, жел бауын тұрды басып.
Шаңырақтан қарғып шығып кетіпті,
Баян мен екеуі атына мінді жүріп.
202. Қозыкем көп жерге кетіп қалды,
Арақ ішіп мас болып өзге жұрт білмей қалды.
Алты құлаш ала айғырға мінді Қодар,
Артынан кеп бір жерге жетіп алды.
Қозы Көрпеш оқпенен салып қалып еді, ақ айғырдың аузынан өтіп оқ артынан шықты,ала айғыр шөгіп жата қалды. Ала айғырдың торт аяғын буып Қодар мойнына салып арқалап үйіне барды. Қозыкем Баянменен аулақ жерге шығып кетті.
«Бізді алып үйіңе қаш!» деп Баян айтты. «алып кетпеймін» деп Қозыкем айтты. «Мен ал сам жұртты разы қылып аламын» дейді. Қарабайдың қызын өзінің үйіне қайтарып жіберді. Қозы Көрпештің өзі Аягөздің аяғында Шоқтеректің түбіне барды да жатты. Ұйықтағалы отыр еді қасына ақ сәлделі адам келді. «Е, Қозы Көрпеш, ұйықтайын деп отырмысың?» — деп айтты. Қозы Көрпеш: «Ұйқым келіп отыр» — деді. Онда әлгі адам айтты: Қозы Көрпеш, мен ата-бабаңның аруағымын, маған атынды бер, үстіннен тоныңды бер, мылтық қаруыңды бер! Мен қарауылға шығайын! Мұның өзі жаман жер, жау бар шығар» — дейді. Қозы Көрпеш бәрін берді, жатып ұйықтады. Әлгі кісі барып қарауылға шықты, шығып жатып ұйықтап қалды.
Қодар Қозы Көрпешті іздеді, іздеп жүріп келді, қарауылда жатқан әлгі адамды көрді, көргеннен соң келіп, соның басын алмаспен кесіп алды, қанжығасына байлады, үйге қайтып келді.
203. Қодардың бәрі келді тентегіне,
Тор құнан жүрмейді жетегіне.
Ал байыңның басы деп тастай берді
Баян тосып алады етегіне.
204. Бәрі келді Қодардың Көкшесіне
Екі басып бір қарар өкшесіне.
Ал байыңның басы деп тастай берді.
Баян қағып салады текшесіне.
205. Баян жылап жүгіріп қырға шықты.
Қозыкем мұнша өлді деп, жырға шықты.
Қозы Көрпеш Баянға өлді десе,
Баянның кездерінен жасы шықты.
Жұрт жиылып кеңес қылды. «Қозы Көрпештей жақсы тере өлді дейді». Бұл жер бізге қоныс болмас! Біз бұл жерден көшіп кетелік дейді. Ел көшіп үрікті. Зайсан көлдің жағасына Қарабай кетті, Баян елге еріп жүрмейді, жалғыз жұртта қалды, қасына ешбір адам жуытпады.
Қозы Көрпеш Баянның кіндік енесі бар екен, бүл кемпір ұйықтап жатып түс көрді. Таң атқан соң түсінен шошынып қырға шықты, қырға шықса тоза шаң шығып барады екен. «Апырым-ай! Қозы Көрпешті өлтіріп ел үркіп барады екен-ау» деп кемпір ойлады. Кемпірдің қолында жеті үлкен қара нары бар екен, он төрт күбіні жеті қара нарға артты, көштің, Қарабайдың жұртына келді. Келсе жалғыз-ақ Баян отыр, одан басқа адам жоқ. «Е, Баян мұның қалай?» «Қозы Көрпешті өлтіріп ел үркіп кетті» — деп Баян айтты. Кемпір айтты: «Қозы Көрпештің мұнда бір белгісі бар ма?» — деді. Баян айтты: Қозы Көрпештің мұнда басы бар». Кемпір айтты: «Басын алып маған корсет!». Баян басты алып кемпірге көрсет. «Бұл бас Қозы Көрпештің басы емес». Кемпір айтты. «Е, Баян, сенен бұрын мен Қозы Көрпешті көріп едім, оның басы алтын жақсы еді, бұл бас Қозы Көрпеш емес. Сен жылама мен бүгін түнде түс көрдім он босағамда алтын тұғырға ақ сұңқар қонып еді, менің түсімдей болса Қозы Көрпеш тірі болмақ еді.Шоқ теректің түбінде ұйықтап жатса керек еді. Мен бүл көшкеннен Қозы Көрпешке барайын, шоқ теректің түбінде алтын шатырды Қозы Көрпештің үстіне тігейін» осы сенін қасыңа Қодар бір келер. Сен сол Қодардың ептеп көзін жоғалтып кел! деді.
206. Ай, ата осы дүние жалған екен,
Жан кеткен соң байынан арман екен,
Түгендемей айдаппын байқұс басым,
Қарашы айғыр үйірі қалған екен.
207. Е, Қодар сөз айтамын анда! — дейді,
Өзіңнің кей мінезіңді тарма? — дейді,
Ақ Баянның мінезі тым - ақ бұзық,
Тілімді алсаң сол жұртқа барма! — дейді.
208. Қодар құл бақа айғырға мініп алды,
Мінгеннен соң, тебініп шу - шуге салды.
Ақ Баянды мен алмай кім алар?,
Жұртта қалған Баянға Қодар барды.
209. Жаман күң қалдың ба енді аш далада,
Төмен қарап кетелік жер панаға.
Бар сенген құлынды өлтірдім мен,
Енді сені мен алмай кім алады?
210. Қодар қуып, мен қалдым аш далада,
Төмен қарап кетелік жер панаға,
Жалғызымның сүйегін бір көрсетсең,
Енді мені сен алмай кім алады.
211. Белең - белең жерлерді белес дейді,
Бір көрінген кісіні не елес? — дейді.
Жалғызымның сүйегін көрсетейін!
Түрегеліп алдыма мінгес дейді.
212. Белең - белең жерлерді белес дейін,
Бір көрінген кісіні не елес дейін?
Жалғызымның сүйегін бір көрсеткен,
Құдай қылды қайтейін мінгесейін.
213. Белең - белең жерлерді белес дейді,
Бір көрінген кісіні не елес? — дейді.
Жалғызымның сүйегін көрсетейін!
Қабырғаңа аз ойлап кеңес! — дейді.
214. Ойпаң - ойпаң жерлерді ойласайын!
Бір көрінген кісіні қой десейін!
Жалғызымның сүйегін бір көрсетсең,
Қабырғама сонда ойлап кеңесейін!
215. Еріктіріп қасында жүрдірші деп
Қозы Көрпеш өлгенін білдірші деп,
Баяғыңа аяған ақ бетіңді
Баянжан - ай, аулақта сүйдірші деп.
216. Е, Қодар, ақырын, ақырын!
Саспа, — дейді,
Әзір аулақ інімді баспа дейді.
Енді мені сен алмай кім алады?
Жалғызымның сүйегіне баста! — дейді.
217. Еріктіріп қасында сүйдірші деп,
Қозы Көрпеш өлгенін білдірші деп,
Омыраулап Қодар құл іс болмайды,
Ай аулақта бетіңнен сүйдірші деп.
218. Ер Қозы кем мінгені өрме жалды,
Баян қыз Қозыкемді есіне алды,
Торғын жауып бетіңнен сүйдірген соң,
Алақандай қарайып дағы қалды.
219. Еріктіріп қасымда жүрдің бе деп,
Қозы Көрпеш өлгенін білдің бе деп,
Баяғыдан аяған ақ бетіңді,
Алақандай қарайтып сүйдім бе деп.
220. Төңіректің төрт бұрышын шалып келдім,
Бақа айғырды от жерге салып келдім,
Баянжан - ай, аулаққа жүр жаталық
Қасыңа жалғызыңның алып келдім.
221. Торт бұрышын төңіректің шалып келдім,
Бақа айғырды от жерге салып келдім.
Баянжан - ай, аулаққа жүр жаталық,
Күрке тігіп, төсегің салып келдім.
222. Төрт бұрышын төңіректің шалып келші,
Бақа айғырды от жерге салып келші.
Тіпті сусап барамын Қодареке,
Кебіс пенен бір суды алып келші.
223. Сенін айтқан сөзіңді сүйейін бе?
Аттан қарғып құдыққа түсейін бе?
Кебіс пенен бір суды алып шығып,
Баянмен әзілдесіп ішейін бе?
224. Мінгені Қозекемнің бұра жалды,
Баян қыз Қозекенді есіне алды.
Кебіс пенен бір суды алып берсе
Сусап жүрген Баян қыз жұтып салды.
225. Баянның пышағы арқар сапты,
Баян қыз ғашық жарын жаңа тапты.
Не қылығың жоқ еді Қодар құл деп,
Бұйда пышақ жүректен беріп қапты.
226. Жүгінді қара нарға артшы,
Баян, Әпеке енді райдан қайтшы,
Баян Су ішінде ойнаған ойның құрсын,
Жылдамырақ шығайын, тартшы, Баян,
227. Мінгені ер Қозекем өрме жалды,
Баян қыз Қозекемді есіне алды.
Не қылығың жоқ еді Қодар құл деп,
Бұйда пышақ жүректен тағы салды.
228. Қодар құл тұра алмады бек жарадан,
Жаман күн айырылдың ба көп пәленнен?
Су ішінде қор қылып өлтірдің бе?
Ақ тікен боп шығармын екі араңнан.
229. Мінгені Қозыкемнің бура жалды,
Баян қыз ғашық жарын есіне алды.
Қодарға бір амалын өткізе келді,
Қодарды шашқа байлап суға салды.
230. Ойпаң жерге кар жауса белден күртек,
Торша ат жорта алмады майдан кілкіп.
Қодардың кеудесінен жан шыққан соң,
Тастады қырық құлаш шаштан қырқып.
Баян өлген кісіге келіп
Қозы Көрпеш осы болар ма деп қыз жылайды.
231. Жалғызым жатырмысың жалғыз оққа,
Сенде арқаңнан күн өтіп жандың шоққа.
Атасы бай болса да қыз бермеңіз,
Артында құйрығы жоқ, жалы жоққа.
232. Жалғызым жатырмысың жайнай, жайнай?
Көрсем ішім күйеді оттай қайнай.
Сені өлтірген Қодарды мен де өлтірдім,
Қозыкем түрегелші күліп ойнай.
233. Жалғызым жатырмысың жайнай, жайнай?
Көрсем ішім күйеді оттай қайнай.
Өштес, кектес, Қодарды алып келдім,
Қозыкем түрегелші енді сайрай.
234. Жалғызым, жатырмысың жер бауырлап?
Карға жүнді қасалақ оқты ауырлап,
Шыбын жанын бар болса түрегелші,
Баян келді қасыңа құстай зарлап.
235. Жарқыным, жарықтығым, жан жолдасым,
Баян келді қасына жандай досың.
Елің менен жұртыңнан тірі айырылып,
Қарағым, неге келдің бір мен үшін
236. Жарқыным, жарықтығым, жан жолдасым,
Баян келді қасыңа жандай досын,
Елім менен жұртыма тірі кіріп,
Қарағым мен де келдім бір сен үшін.
237. Баян қыз көк буыршынға мінді дейді,
Сол өлген кісіні алды да жүрді дейді.
Атқа мініп cap желіп келе жатса,
Тігілген алтын шатыр керді дейді.
238. Көрінген соң қуанып күлем дейді.
Іш қайғысы өзіне білінбейді.
Буыршын мініп шатырға келсе жетіп,
Қозыкем құлаш ұрып түре келді.
239. Жарқыным, жарықтығым, жан қарағым!
Шын ақсүйек, кендірім, кең балағым!
Көзден таса болғанда қандай болдым.
Іште жатып қосылған ақ тамағым,
240. Жарқыным. жарықтығым, жан қарағым,
Сауылдап жанып тұрған шам-шырағым,
Көзден таса болғанда қандай болдым?
Іште жатып қосылған ай, шырағым.
241. Қарағым, айналайын, шырағым - ай!
Келді ме менің даусым құлағыңа - ай?
Көзден таса болғанда қандай болдым?
Өзін түгіл зар болдым тырнағыңа - ай.
242. Апырмай өңім бе едің, түсім бе едің?
Тіріде менің көрер ісім бе едің?
Әуре сарсаң қылып қайда кеттің?
Шынымен құдай қосқан кісім бе едің?
Екеуі алтын шатырда ойнады, күлді; екеуінің тамағын кемпір қылып берді.
Сонда Қозы Көрпешті Айбас үйінен іздеп келді. Айбастың Карабайдың елінде Парманбек деген досы бар екен. Сол Айбас келді деп есітіпті. Қозы Көрпештің екі балдызы, інісі Қозы Көрпеш тірілді деп ол да естіпті. Парманбек пенен төртеуі іздеп шығыпты. Бір күншілік жер қалғанда құдайдың құдіретіменен күн тұман боран болды. Қозы Көрпештің екі балдызы, інісі боранда үсіп өлді. Парманбек өзі өлмей-ақ Айбастың қасына келіпті құшақтасып көрісті. Екеуі жыласты. Үш күннен соң Айбас алдыдан тағдыр жетіп өлді. Қозы Көрпеш өлді деген хат жазды, екі буыршынның кекіліне байлады, екі буыршынды Мұзтауындағы езінің еліне жіберді, екі буыршын аспанменен ұшып барды.
Тайлақ би анда бас болып елі жұрты жиылды, кекіліндегі хатты оқыды, көрсе Қозы Көрпеш өлді деген хаттың тілі бар екен, Тайлақ би бас болып ол торт сан қол аттандырып жүрді, Қозы Көрпештің шешесі Жаныл күркеңкейге мініп ол да жүрді. Ол торт сан қол келді, қанша күн болса да келіп жетті. Қозы Көрпешті көрді. Аман-есенін білді, шешесімен көрісті, жыласып Қарабайдың елін көрді, торт сан қол Зайсан көлдің қасына жетті, оны қайтарып айдап келді.
Айбасқа бейіт қылды, Қозы Көрпештің жатқан жері деп, қызық көрген жері деп ат шаптырып той қылып, қалған жұртты Мұз тауына Тайлақ би қайтарып айдап кетті. Қозы Көрпеш өлмей, тірі кетіп, Аягөзде тұрған бейітінің сүйегі Айбастың, өлтірген әруақтың сүйегі. Қозы Көрпештің суретін салды. Баянның әнін, келбетін салды. Қодардың әнін, келбетін салды.
Айқан деген өзен бар екен, Қозы Көрпештің інісі сол екен, Ай деген өзен бар, Ай деген балдызын соған қойыпты, Таңсық деген балдызын соған қойыпты.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі