Өлең, жыр, ақындар

Алтай

  • 05.08.2022
  • 0
  • 0
  • 1840
Айбатты Алтай тауы бұлттан асқан,
Басын қар қысы-жазы қырау басқан.
Айдынды Азияның қарауылы —
Шудалы ақбас бура көбік шашқан.
Өр Алтай ызғарланған көкке тиіп,
Өр кеуде ақ мамықтай төсін биік!
Үймелеп көктен бұлттар қоршап төніп
Аймалап ақ төсіңді құшқан сүйіп.
Басыңнан суың мұздай мөлдір бұлақ,
Күрілдеп көбік шашып төмен құлап,
Мың түрлі әнге қосқан сарындарың,
Кеш жерден құрыш қанып естір құлақ.
Басыңа жан шықпаған шың-құз қия!
Жалғыз-ақ қара бүркіт салған ұя.
Төсінде жұмсақ сая салқын иісті,
Көк шалғын, түрлі шешек, өскен мия.
Бауырында ақ бөкеннің лағы ойнап,
Сағымдай сумаңдаған салып ойнақ.
Уа шіркін! Шың құзыңа келіп шығып,
Отырсам қызыл жібек әлем байлап!..
Бүркіттей отырсам мен келіп қонып,
Айнала дүниені көздеп шолып,
Саңқылдап Азияға салсам ұран,
Жиналса қызыл ерлер лек-лек болып.
Төмен тап Европада майдан ашса,
Серт қылып белін байлап, туын жазса,
Алтайдан жәрдем күтіп, жаудан қайтпай,
Не өлмек, не жеңбек боп ұрандасса.
Алысқан бауырларға көзді салсақ,
Ерлерін Азияның жинап алсақ,
Жаңғыртып жер-дүниені, «жау қайдалап»,
Лек-лек боп зор майданға біз де барсақ.
Қара жер қайыстырып қанат жазсақ,
Алтайдан Европаға қаптап ассақ,
Борсықтай қанға семіз мырзалардың,
Құтырған семіздіктен жынын бассақ.
Жауды езіп Европадан өтсек аттап,
Дүниені ұрандатып алсақ қаптап;
Орнатып жер-дүниеге тегіс теңдік,
Жоқ қылсақ жуандарды езіп-таптап.
...Өр Алтай ақбас бура көбік шашқан,
Төмен тап жер күңірентіп майдан ашқан.
Алтайдан жәрдем күтсек қайтер едің
Бәйгеге басын тігіп ұрандасқан?!

1923 жыл, қаңтар



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Баспахана

  • 0
  • 0

Он жыл болды баспахана
Иесінің қолында.
Содан бері басқа сана
Таратудың жолында.

Толық

Алтын күз

  • 0
  • 4

Алтын күз бірде шуақ, бірде салқын,
Жер мен көк жалтыраған сап-сары алтын.
Ағашта жапырақтар сылдырлайды,
Төгілген алтын теңге сансыз жалқын.

Толық

Ызғырық аязда кедей аулы

  • 0
  • 0

Қар үстінен шаңытып
Құйқылжиды борасын.
Даладағы ауылдың
Басып көмед қорасын.

Толық

Қарап көріңіз