Мейхана – Ерлан Аманқожаұлы

Бұл бетте «Мейхана» атты Ерлан Аманқожаұлы жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 09.01.2023
  • 0
  • 0
  • 857
Мейхана,
Елтіп әніне,
Төрінде Ли Байдың суреті.
Қаттырақ сілтедік бәрі де,
Шығыстық шайырдың құрметі.
Ауырлау,
Өңі де тым суық,
Төрдегі ноянның арманы.
Орнынан тұрды да күрсініп,
Балқашқа бір тост арнады.
Қарсы кеп отырған алдына,
Лаулатып шабыттың үмітін.
 
Көзесін көтере салды да,
- Жоқ, – деді,
- Жас пері жігітім.
Естіліп өзгеден үні ерек,
Көзінен тамшылап күйі ішкі.
Қос батыр орнынан түрегеп,
Қос бокал қаттырақ түйісті...
Бара алмас сырына мүлде ешкім,
Суық ой қыдырып түн ішін.
- Соңғысы болсын, – деп, – бұл кештің,
Көтеріп жіберді...
Кім үшін?!


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері