Өлең, жыр, ақындар

Есімде сол бақ…

Есімде сол бақ…Сарғайған сары сырғасын сепкен талдардан.
Көкейден кетпес сырнайыменен көңілсіз әнші салған ән.
Жапырақтардың шулаған үні оятып әлі сағыныш,
Ұшырып алып, бір сәтте жетер, сол күзгі баққа біз барған.

Сағынған кезде, барарсың біздер саялап жүрген қайыңға.
Сезерсің сонда жабырқау лебін айналасына жайылған.
Құшақтап ал да, көзіңді жұмып, қайыңға ақтар сырыңды,
Сен жоқта мен де жасырын көптен, өкініш мұңды қалдырғам.

Бәрін біледі, сезеді бәрін, жамылып қарды жатса да.
Іңкәр көңлімнің үзіп күлтесін сеуіп кеткенмін солса да.
Үміт хошымның жұпары аңқып, әлі де жүр-ау, аймалап,
Тағатсыздана көктем жылуын күтумен бақша қалса да.

Жүрмісің жаным, оңаша қалсаң елестетумен сол күзді?
(Сыр сандығыңнан жасырын алып естеліктерді ең ізгі.)
Байланса күнің арманға бөлек, уақыттың шығар бір сыйы?
Ұмытпа күнім, бақ түбіндегі қайыңды тұрған сол біздің.
Ержан Қабышұлы /Bura-Naiman



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз