Өлең, жыр, ақындар

Соңғы қоңырауда оқитын, ұстаздарға арналған естелік шумақтар..

Айша апайға айтар алғыс ерекше,
Ана болған,​ пана болған біздерге.
Орындалып ойға алған бар мақсаты,
Аша берсін жыл сайын бір мектептен!

Маржан апай — өз ісінің шебері,
Жоғары оның ақылы да беделі.
Сөз сөйлесе нақтылайтын дәлелмен,
Нағыз ұстаз,​ әр сабағы шедевр.

Күміс апайдан үйрендік біз араб тіл,
Мейірімді жан,​ жасап алар қатал түр.
Әр сабағы санаңа кеп орнығып,
Ұмытылмайды, озат ұстаз​ талапшыл!

Пернегүл апай — ізгіліктің жаршысы,
Шәкірттерді баурай алған әр ісі.
Жеку емес,​ махаббатты қолданған,
Шын тәлімгер,​ дертке шипа әр сөзі!

Аман апай — математик шынайы,
Түсіндірер күрделіні оңай ғып.
Кең пейілді,​ қамқор көңіл ұстазды,
Құрметтейді шәкірттері ұдайы.

Рахия апай қатал әрі талапшыл,
Қол көтерсең, «сыртқа ма?» - деп,​ сұрар кіл.
Түсіндірген ақпараты әлі күн,
Санамызда жылдарымен сайрап тұр.

Бақытгүл апай тіл маманы,​ білгірі,
Кітаппенен достастырған әр қызды.
Үзілісте кітап оқып отырар,
Тәрбиеледі қанша қызды үлгілі.

Жұлдыз апай салмақты әрі сабырлы,
Ұрысқаны да құлағыңа жағымды.
Бар сыныпқа сыйлап тәтті балмұздақ,
Айтқызбай-ақ түсінеді жаныңды.

Әдемі апай — нәзіктіктің үлгісі,
Тыңғылықты әр сөзі мен жұмысы.
Жаны-тәні бірдей сұлу апайды,
Құрметтейді мектепте бар оқушы.

Диана апайдың харизмасы ерекше,
Оның сабақ бергені де бөлекше.
Сұлу,​ нәзік,​ талшыбықтай бұралған,
Жүрген жері әзіл-қалжың, береке!

Жадыра апай жаны жомарт, сүйкімді,
Бағалайды жоғары әр ісіңді.
Тыңғылықты түсіндіріп сабағын,
Жануарлармен таныстырды мың түрлі.

Динара апай мәдениетті, әдепті,
Еркелетіп ұрысқаны да әдемі.
Алғысымыз шексіз біздің апайға,
Жер шарымен таныстырған біздерді.

Меруерт апай сұлулықтың символы,
Үйретеді ағылшын тілін әр қилы.
Қаталдығы жанға жайлы ұстаздың,
Әр сабағын қыздар сүйіп оқиды.

Әсия апайдың әрбір сөзі ұғымды,
Физикамен түсіндірер ғылымды.
Көркем мінез,​ сұлу,​ жомарт ұстазды,
Жақсы көреді мектепте бар оқушы.

Камила апай көркем мінез,​ сабырлы,
Жадыратар әрбір сөзі жаныңды.
Орыс тілін оңтайлы ғып үйреткен,
Білімді ұстаз,​ дауысы нәзік, жағымды.

Айнагүл апай дінтанудан береді,
Түрлі халық нанымдарын біледі.
Таныстырып әлем мәдениетімен,
Қызықтырып, білім беріп келеді.

Мадина апай шын жанашыр жетекші,
Бізді туған қыздарындай көретін.
Биология сабағында барын сап,
Әр сабағын ерекше ғып өтетін.

Гүлнара апай — әділ әрі​ мейірімді,
Сүйеді ол дисциплина, тәртіпті.
Түсіндіріп,​ талап етіп біздерден,
Орыс тілдің қыр-сырына үйретті.

Әсел апай — актрисаның нақ өзі,
Қазақ тілдің хас маманы,​ шебері.
Әзілдесіп,​ сырлас бола білетін,
Апайларын шәкірттері сүйеді.

Зульфия апай — көркем мінез,​ жақсы адам,
Мәдениетті,​ мейірімді,​ жомарт жан.
Не сұрасақ үйретуден танбайтын,
Нағыз ұстаз, информатик,​ хас маман.

Ақбота апай ақылды әрі сабырлы,
Әр сабағы кеңейтеді танымды.
Жылы жүзбен,​ жұмсақ қана сөйлейтін,
Мұғалімді құрметтейді барлығы.

Аружан апай шеберлікке баулыған,
Ине-жіппен,​ қылқаламмен дос қылған.
Қабақ шытып,​ ренжуді білмейтін,
Біздің апай жер шарында жалғыз жан.

Айгүл апай араб тілден беретін,
Жұмсақтығын бүкіл АйСаф біледі.
«Мұндай жанды ренжіту күнә»- деп,
Сабағына дайындалып келесің!

Жансая апай жүзі жылы,​ нұр шашқан,
Шәкірттермен анасындай сырласқан.
Геометрия, алгебраны қызықты —
Оқытатын ақкөңілді жақсы адам.

Әсел апай — құпияның ұясы,
Қаншама қыз іздеп барып тұрады.
Бір жылатып,​ бір күлдіріп,​ сыр ашып,
Жан жарасын емдейді оның шипасы.

Ұлболсын апай көп қыздардың кумирі,
Воллейболдан алып жүрген кубокты.
Спортзалдан шықпайтұғын қыздар бар,
Осы апайдың бар-ау сірә, сиқыры!

Әр ұстаздың бар жүректе орыны,
Білеміз біз олар жайлы көп сырды.
Бүлдіршін боп, қайта келіп мектепке,
Шіркін, қайта оралтса ғой бал күнді..

Көп қатені түзер едік жасаған,
Жалқаулықты қояр едік босаған.
Ұлы өмір де, дәл сіздердей мейірімді,
Болса екен шын жанашыр, дос адам!

Авторы: Гүлмекен Қасенбай
24.05.2023

Тапсырыс беру үшін байланыс номерім: +77002303625








Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз