Біздің Мұқағали – Несіпбек Айтұлы

Бұл бетте «Біздің Мұқағали» атты Несіпбек Айтұлы жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

Оу, халайық, Расулға таң қалма,
Көзіңді сал Мұқағали заңғарға.
Ол сәл ғана мызғып кеткен ұлы тау,
Ұлар басын сүйей салып таңдарға.
Мына өмірде маздамасаң мән бар ма,
Мен ғашықпын мәңгі өлмейтін жандарға.
Оның жыры Тян-­Шаньның түз құсы,
Дүр-дүр қағып сілкінетін самғарда.
Аман тұрса Авары мен Дағыстан,
Расул да танбас жойқын шабыстан.
Бірақ біздің Мұқағали марқасқа,
Күн астынан күркіреген арыстан.
Қайран сабаз өтті жалғыз өлең деп,
Тұлпарлардың дүбіріне елеңдеп.
Енді, міне, оның мұңлы жырымен
Өз жарамды отырамын мен емдеп.
Жер айналмай жұлдыз сөніп, ай батпас,
Қысқа ғұмыр алды­артыңды ойлатпас.
Уға малған алмасымды жануға,
Маған да бір керек боп тұр қайрақ тас.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері