Күз суреттері – Жарылқасын Аманұлы

Бұл бетте «Күз суреттері» атты Жарылқасын Аманұлы жазған табиғат туралы өлең берілген.

Сарғыш тартып барады жапырақтар,
Салқын тартып барады атыраптар.
Құстар даусы қияннан естіледі,
Қайда кетіп барады, бақылап қал.
Жаздың жұтқан жауқазын салтанатын
Қай мезгіл ең күрсініп қарсы алатын?
Гүлдер қайда көркіне тамсанатын,
Құстар қайда, сәріде ән салатын?
Сұрғылт аспан, сұр дала, сүреңсіз бақ,
Көзге суық көрінер кіл өңсіз жат.
Жастық шағын аңсаған қарт секілді,
Табиғаттың жүрегі тұр-ау сыздап.
Осы ма еді, япыр-ау, күз дегенің,
Сағат санап, күн санап іздегенім.
Іздегенім жаз еді, көктем еді,
Көктем, жаздың көк торғын үзбе демін.
Қайта көктеп сарғайған жапырақтар,
Қайта түлеп, гүл атсын атыраптар.
Көктем туып, құс қайтып келер тағы,
Көктің жүзін тілгілеп жасын оттар.


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері