Мен қазақпын, өлген жоқпын
Мен қазақпын,
Өлген жоқпын.
Мың өліп, мың тірілер
Шыбын-шіркей,
Құрт-құмырсқа емеспін.
Өлген жоқпын.
Мың өліп, мың тірілсем
Мың өліп, мың тірілер
«Шайтан қазақ» демес кім?
Мен қазақпын.
Достасқанмен достасып,
Қастасқанмен қастасып,
Егескенмен егестім.
Дақ түсіріп арыма,
Сауға сұрап жаныма,
Жауларыма жалынып,
«Жанымды қи» демеспін.
Опырылды омыртқам,
Заманында Жоңғардың.
Қақырады қабырғам,
Заманында Кеңестің.
Қас дұшпанға сонда да,
Басымды иген емеспін.
Тартып туып,
Түп тегіме затыма,
Еділ баба,
Тұмар ана атына,
Сөз келтірген емеспін.
Тебінісіп келгенде.
Келіп қамшы сермерге,
Хан төремен теңестім.
Тыңла мені ағайын,
Өткен сансыз ғасырдың,
Қас-қабағы түнерген,
Біреуіне қарайын.
Ұлы жорық,
Жорыққа тән,
Жасап барлық ырымын.
Төбесіне түйіп тастап,
Білектей қос бұрымын.
Бес қаруға қоса алып.
Қыл тұзақты құрығын.
Тұмар анам қарсы алыпты,
Қаһарлы Кир патшасын.
Патшалардың « ұлығын».
«Әлек салған Әлемге,
Қанішердің үземін деп жұлынын».
Қан майданда кескілескен,
Кир патшасын тұзақтап,
Кесіп басын, сілкіп-сілкіп,
Жұлып апты тұлымын.
Қара меске басын салып,
Қара қанын құйдырып,
Қан майданның алаңында,
Қалған қолды жидырып,
«Қара ниет қараң батсын,
Депті, енді құрыдың».
Тұмар анам батып ойға,
Алып бір сәт тынымын.
«Өз қанына өзі тойды,
Деген екен зұлымың».
Бас пен месті арқалатып,
«Көрсетсін деп еліне»,
Босатыпты бірнешеуін,
Кир патшасы құлының.
Сосын жаны жайланып,
Тұмар анам
Шешіп түйген бұрымын,
Ақсауытын жастанып,
Алып көздің шырымын,
Жасапты ұйқы ырымын.
Елі үшін, жері үшін,
Өлсе өлді,
Қан майданда батырлар.
Күн де өліп, тірілер,
Еркек кіндік,
Жаулығы жоқ қатындар.
Ей, халайық!
Сендерге айтар «датым» бар.
«Мың өліп, мың тірілген
Мен қазақпын» дегенді,
Намысы жоқ тексіз бен
Ұяты жоқ бетсіздерге сатыңдар.
Мен қазақпын,
Өлген жоқпын,
Өмір үшін күрестім.
Елім үшін,
Талай-талай тарландармен тірестім.
Мен қазақпын,
Ерліктің де жырымын,
Елдіктің де жырымын.
Ел қып, ер қып жаратқан,
Бір Құдайдың құлымын.,
Ұрпағымын,
Еділ менен Тұмардың.
Бұтағымын,
Шыңнан биік,
Мәңгі сынбас шынардың.
Елі үшін,
Жері үшін,
«Өлді» деме – шейіт болған жандарды.
Олар тірі,
Олар мәңгі құндағында Құранның.
Аттары да, рухы да,
Ата жолы ғұрпы да –
Құдіретті ұраным.
Соқса «ел» деп жүрегің,
Өшпес өмір шырағың.
Соқса «ел» деп жүрегім,
Мен де өлмейтін шығармын.
Атысып та шабысып,
Өтті талай ғасырлар.
Күн күркіреп,
Жер дірілдеп ұраннан,
Көктің жүзін тілгіледі жасындар.
Ұрпақ үшін, ел үшін,
Ер жастанып, жер жастанып,
Өтті талай еңіреген ерлер мен
Ай маңдайлы асылдар.
Екі талай күн туса,
Жұлып алып жүректі.
Жауға тас қып боратып,
Жебе етіп кірпікті,
Желкесінен атыңдар.
Арыстан жал айбатты,
Жолбарыстай қайратты,
Түбі текті халықтан,
Туған талай туады,
Түкті жүрек батырлар.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі