Өзің ғана жер жаннаты ғаламның
Туған жердің топырағына
Тиер кезде табаным,
«Таза ма» деп,
Табаңымды сүртіп-сүртіп аламын.
Әлдилеген ақ бесігі,
Әзиз ата-анамның.
Өсіп-өнген құт мекені,
Бабалары бабамның.
Бір өзіндей болар ма екен,
Жаратқанның жаннаты?
Өзің ғана жер ұйығы,
Жер жаннаты Ғаламның.
Бозторғайлы, боз жусанды,
Сағым жортқан сар далам.
Жырым қанша, әнім қанша,
Бір өзіңе арналған?
Жыры сырлы, жүзі нұрлы,
Перзентің едім мен.
Туған жерге құт-береке,
Тілеп жүрген Алладан.
Ақын едім, сал-сері едім,
Сегіз қырлы, бір сырлы.
Ата-баба жолын қуып,
Үміттерін жалғаған.
Алатаудың аңғарынан,
Ақтарылған Таласым.
Қосып жатыр,
Алатау мен Қаратаудың арасын.
Жарып өтіп,
Әлемге аян көне Тараз қаласын.
Жөңкіледі бетке алып,
Ұлы Бетпақ даласын.
Сол Таластың биік жары,
«Қызылжардың» баурында,
Ақ сүтіннен айналайын,
Тапқан мені анашым.
Әкем маған алты ай бұрын,
Тумай жатып ат қойған.
«Жарылқасын, Жарылқасын, Жарылқасын»
Аты деп.
Үш қайталап аян берген,
Еске ап батыр бабасын.
Ұлы бабам, батыр бабам,
Үсенұлы Жауғашар.
«Қалмақ, қалмақ, қалмақ депті,
Қас дұшпаным жауласар».
Колпаковский офицерін,
Жекпе-жекте мерт еткен.
Атын бермей жала жауып,
Болғаннан соң дауласар.
Қоқан ханы жеріне өтіп
Кеткен екен сол күні-ақ
Бес ұлының ең үлкені,
Есім екен он жасар.
Қырық адаммен іздеп шығып
Андас би,
Бетбақдала, Шу бойына,
Шеккен екен жол сапар.
Айлап жүріп Шу бойынан,
Жауғашарды тапқан соң.
Біраз күндер жер аралап,
Аунап-қунап жатқан соң.
Жауғашарға «елге қайт» деп
Андас би;
Жауап болмай,
Қоштасарда былай депті жарықтық:
«Су аяғы құрдым да,
Ел аяғы отырар.
Енді біздің басымыз,
Ақыретте қосылар.
Бұдан басқа өзіңе,
Айтар сөзім қалған жоқ,
Уыз ішкен руымен,
У ішкенде арман жоқ».
Хош болғын деп бауырым,
Сақалынан сорғалатып көз жасын,
Бетке алыпты,
Шымыр биі, Мәмбет датқа ауылын.
Әулиеатада,
Әкем туды, мен тудым.
Туған жердің неткен ыстық құшағы.
Сорлы жүрек,
Құс боп алып ұшады.
Бозторғайлы, боз жусанды Таласты,
Қиялыммен бар болмысым құшады.
Туған жерге,
Биыл тағы бара алмай,
Тарлан тағдыр,
Аяғымды тұсады.
Ата қоныс,
Алматыда, Алатауда жүрсем де.
Есіл-дертім,
О, туған жер бір сенде.
Ұйықтасам да, оянсам да ойымнан,
Кетпей қойдың,
Жыласам да, күлсем де.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі