Ақбоз атты батыр
Астан-кестен от жалын жер мен көктің арасы,
Не боп кеткен Ресей, қайда қала, даласы?
Өлі дене жол бойы, бода-бода босқындар,
Қанталаған үрейден көздерінен шарасы.
Қандай күйде Москва, қайда ұлы көсемдер?
Қайда Ұлы Армия дейтін жауға «келсең-кел».
«Қару артқан арбалар батып жатыр батпаққа,
Деді біреу «немістің өліктерін төсендер».
«Тоқтат» деген қаһарлы дауыс көктен санқ етті,
Қолыңдағы қылышы күн көзіне жарқ етті.
Бір өлікті сүйреген екі сарбаз, Баукеннің
Қорқып кетіп сұсынан, қара жерге жалп етті.
Найзадай боп шаншылған ақбоз аттың үстінде,
Кім болды екен мынау жан, құдіретті күштің бе?
Дегендей боп қалың топ аңтарыла қарап тұр,
«Жер астынан шықтың ба, әлде көктен түстің бе?»
«Қорламаңдар өлікті болса дағы малдікі,
О да сендей жандікі, о да мендей жандікі.
Қорлауменен мәйітті жете алмайсың жеңіске,
Келер күннің жеңісі әділет пен ардікі».
Деді Баукең алғашқы қаһарынан басылып,
Екі сарбаз беттерін бұрып тұрды жасырып.
Тебінді де ақбозын батыр жорта жөнелді,
Тұяғынан атының қанды батпақ шашылып.
Қасіреттен тұнжырап қара орманы орыстың,
Қарға, құзғын қаптап кеп басып жатыр жол үстін.
Көз алдына елестеп туып өскен кең дала,
Ойлап кетті Баукең де жайын ата қоныстың.
Сағыныштан елжіреп ет-бауыры бір түрлі,
Терең ауыр тыныстап тебірене күрсінді.
«Соғыссыз-ақ, халқым-ай, қырылдың-ау сен де», – деп,
Кірпігіне мөп-мөлдір бунақ-бунақ бүр тұрды.
Отызыншы жылдардың аштығы мен жазасы,
«Елім» деген марқасқа арыстардың қазасы.
Көбіне-көп түнеріп жүретұғын Баукеннің,
Болып келген екен-ау іштей тұтар азасы.
Басылмастан келеді ақбоз аттың арманы,
Жетер жерге қалса да әлі жолдың жарымы.
Бүгін Баукең кездесіп Жуков, Васильевскийге,
Сынға түспек әскери тәсіл, өнер, дарыны.
Келді Баукең Маршалдар штабына күн бата,
Басталмақшы шабуыл жау тобына таң ата.
Генералдар Чистяков, Баграмян екеуі,
Отыр екен бар жайды Бауыржанға қарата.
Жуков қана жай басып аралап жүр бөлмені,
Құптап Маршал Васильевский, Баукең сөзін бөлмеді.
Быт-шыт етіп жорықтың Баукең барлық жоспарын,
Баграмян, Чистяков өлердей боп терледі.
«Ертеңгі күн басталар шабуылдың жоспары,
Арманыңдай аңшының қамап соғар шошқаны».
Деген Баукең сөзіне Жуков ыршып түсті де,
«Қарай гөр» деп жақтырмай қып-қызыл боп тоқтады.
Кірпігін де қақпастан Баукең ойын салмақтап,
Жорық жолын, тәсілін айтып берді тармақтап.
«Өз полкімді бастаймын, – деді, Баукең айқасқа,
Құтылмайды жайының өңешінде қармақ қап».
Түні бойы Баукеңнің ой-пікірін талқылап,
Ұсынысын қос Маршал қосқан болды жартылап.
Басталды да таң ата бір ғаламат шабуыл,
Жер мен көктің арасы қоя берді қалтырап.
От ішінде ақбоз ат орғып шауып барады,
Жарылыстан жалт беріп, кейде тұра қалады.
Қарулы қол, қаһарлы үн артқа мойын бұрғызбай,
Өрт пен оқтың қайнаған ортасына салады.
Уралаған сан мың қол Бауыржанның соңында,
Айқас салып келеді жау тобымен жолында.
«Алға» деген батырдың жан айқайы жаңғырып,
Жай отындай қылышы жарқылдайды қолында.
Жердің беті қан талақ, күн де батты қанталап,
Өлмегендер өлісін келе жатыр арқалап.
Құрбандықсыз жеңіс жоқ, аза тұтқан арыстар,
Ілбіп басып келеді, қалған екен шаршап-ақ.
Бұлт та тұр қанталап, жол бойы да қан талақ,
Жаралыны саулары келе жатыр арқалап.
Бауыржанның кеудесін тілгіледі бір өксік,
Соғыс бітіп қай күні қайғы мен шер тарқамақ.
Қара орманда үрейлі көрінеді қанталап,
Жау секілді жаралы қайта шапқан анталап.
Адам Ата, Хауа Ана ұрпағына өкпелі,
Мамыражай күн туып Алла қашан жарылқамақ.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі