Өлең, жыр, ақындар

Айда атыңды, Сәрсембай

  • admin
  • 13.02.2024
  • 0
  • 2
  • 2043
Айда атыңды, Сәрсембай,
Ағарып алтын таң атпай
Шығайық қырға, далаға.
Шу-шу-шу...
Әттең ғана бұл оқу!
Келмес едім қалаға.
Қарашы кейін бұрылып:
Таудай болып созылып
Қала – бір жатқан дәу пері.
Айналасы – тұман, түн,
Дем алысы – от, түтін,
Жарқ-жұрқ етер көздері.
Сөзі у-шу, ың да жың,
Сасық иіс ауыр тым,
Тұншықтым ғой, Құдай-ай!
Кейін қарап нетеміз,
Ауылға қашан жетеміз,
Айдашы атты, Сәрсембай!
Әйелдері ұятсыз,
Күнде сүйгіш, тұрақсыз,
Қылмыңдасар, керілер.
Жүздерінің қаны жоқ,
Көздерінің жаны жоқ,
Еркектері – «перілер».
Оларда отты жүрек жоқ,
Тамақтан басқа тілек жоқ,
Қорсылдаған «доңыздар».
Түн баласы перілер,
Жұмақтан артық көрінер –
Оларға сасық үңгір тар.
Көкті көрмес көр олар,
Қарашы, қанша жұлдыз бар,
Күліп қана жүзеді Ай.
Қалаға келіп қаңғырдым,
Сар даламды сағындым,
Айда атыңды, Сәрсембай!
Әлде ұйқың келе ме?
Сәрсембай-ау, сен неге
Шырқап бір ән салмайсың?
Жетесің туған жеріңе,
Еркелеткен еліңе,
Жүрегім, неге жанбайсың?!
Сарыарқамның топырағы –
Менің жаным шырағы,
Кеудемді төсеп жатамын.
Оның жібек желінің,
Тәтті, кәусар көлінің
Қазір дәмін татамын.
Қайрылып кейін қараман.
Шықтық па ұзап қаладан,
Айтшы, жаным ағатай?
Кейін қарап нетеміз,
Ауылға қашан жетеміз,
Айдашы атты, Сәрсембай!



Пікірлер (2)

Хасантаев Исмаил

Мен бауқауға қатысамын.Байқау шарты Ма.Жұмабайевтың өлеңін жаттау.Ақын өте керемет жазады

Дони

Айда атыңды, Сәрсембай

Пікір қалдырыңыз

Күз

  • 1
  • 6

Бұрқырап қара дауыл соғып тұрған,
Көкорай түсі қашып солып тұрған.
Шыдамай қатты ызғарлы жел өтіне,
Бүрісіп ағаш, шөптер тоңып тұрған.

Толық

Жылқышы

  • 0
  • 1

Бораны – бөрі ұлып тұр,
Төбеттей тынбай үріп тұр,
Сын тағылды қаңтарға.
Аман ба екен жылқышы,

Толық

Анама

  • 0
  • 12

Өмірімнің қап-қараңғы түнінде,
Еш не білмес түсім бе я өңім бе
Оң менен сол, от пенен су айырмас,
Күшсіз, әлсіз, есім білмес күнімде,

Толық

Қарап көріңіз