Мәшһүр-Жүсіптің тырнамен айтысқаны
Сөзіме сүйінер дос, күйінер дұшпан,
Шулаған дауыс шықты күншығыстан.
Тағы да құрбыларым қылды тілек,
Бір кеңес естіртейін тырна құстан.
Аяғы арғымақтың болар шалыс,
Қыс басы-тыңдасаңыз, болар қауыс.
Мен үйде әңгіме ғып отыр едім,
Шулаған күншығыстан шықты дауыс.
Қараша, қыстың басы, қауыс екен ,
Ырыс-жұғыс, сол ақыл ауыс екен.
Қиқулап күншығыстан шыққан дауыс
Шулаған тырна құстың дауысы екен.
Ақырап қазан болғанда, бір ай күз бар
Құс жолы кек жүзінде салған із бар.
Айтайын бұрынғының нақыл сөзін,
Сүлеймен пайғамбардан қалған сез бар.
Қағазға жазған Жүсіп қалам тартты,
Қайғысы ғашықлықтың жанға батты.
Жаз өтіп, күздің айы мизам болып,
Ең алды жыл құсының тырна қайтты.
Қиқулап салды хабар тамам құсқа,
Кітапта құстың тілі болған нұсқа.
Дауысы құлағыма естілген соң,
Кидім де кебісімді, шықтым тысқа.
Қайтуға бетін түзеп салды ғой жол,
Тырна екен жүз елудей бір ауыл қол.
Жұртқа айтып жүрген сөзі мынау болды:
"Біз қайттық, көріскенше, хош-аман қол!"
Ауылдан айналады ұзай алмай,
Жаныңды адам алмас, Құдай алмай!
Айналып жүргендігін көргеннен соң,
Бір кеңес қыла салдық шыдай алмай.
Мәшһүр-Жүсіп.
- Жаз келіп, күз болған соң, қайттың, тырна,
Амандық ел мен жұртқа айттың, тырна!
Келуіңнен қайтуың оңай болды,
Кәнеки, не бітіріп, қайттың, тырна?
Тырна.
- Құс едім ұзын мойын тырна-деген,
- Барамын енді қайтып Сырға! - деген.
- Алладан тағдыр жетіп, дем таусылып,
Тұра алмай мен барамын қырға!- деген.
Мәшһүр-Жүсіп.
Сөз басы-Құдай сөзі, тырна құсым,
Мінеки, қонақ болсаң, даяр, қосым.
Тіліңді жау шапқандай қиқулайсың,
Жаныңа неден мұнша келді қысым?!
Тырна.
Қосыңнан дауысымды естіп, шықтың көре,
Сіздерді жолаушы деп сәлем бере.
"Мойыны ұзын, анадайдан көреді",-деп,
Сайлаған құс біткенге бізді төре.
Біздерден естір болсаң, мінеки, кеп,
Түнде -ұйқы, күндіз күлкі көрмедім көп.
Төре боп құс бастаған шағымызда,
Бермедім көпке дамыл: "Болшы, бол!"-деп.
Көп құстың: "Жүрші, жүр!"-деп, тынышын алдым.
Көрінсе, қайда қара, қиқу салдым.
Мақал бар: "Беймазаның түбі-наза",
Көпке жақпай, қаңғырып босқа қалдым.
Тамам құс бізді шетке байлап кетті,
Жамандап бәрі бізді сайрап кетті.
Патшаға самұрықтай арыз беріп,
Бізді тастап, аққуды сайлап кетті.
Сонда мен қапаланып, болдым наза,
Қылғам жоқ ұрлық, өтірік, бұл не жаза?!
Айырылып төреліктен қалғаныма,
Қырық күндей жылап Хаққа, тұттым аза!
Жөнелген тамам құсты аққу бастап,
Кетіпті керек қылмай, бізді тастап.
"Сендерменен бас қосып жүрмейін!"-деп,
Серт қылдым, ант-амандай мен де қастап.
Тор тауы- Мұса көрген Хақтың нұрын,
Пейіштен иманды құл алар орын.
"Сертіме сонда қылған жетейін!?- деп,
Ұшамын өзге құстан қырық күн бұрын.
Өз ойым-өзгеге теріс, өзіме оң,
Көрмеймін, қайда барсам, мұз бенен тоң.
Ұшсам да қырық күн бұрын, айналыс көп,
Жетуім қалай барсам, тап қырық күн соң.
Мәшһүр-Жүсіп.
Қиқулап, елеңдетіп, көңілім бөлдің,
Тұсыма Құдай айдап душар келдің.
Басыңнан ондай күндер кешкен болса,
Не көрдің, бұ жалғанда, нені білдің?!
Тырна.
Біз келдік: "Шөбі тәтті жерлер бар!"-деп,
Жұртқа айттық: "Қыс келеді, күзем ал!"-деп
Үстінен әр ауылдың бір айналып,
"Қазағым, жаман болма, жақсы бол!"-деп.
Мәшһүр-Жүсіп.
Жыланды үзіп жейсің, екі бүктеп,
Айтасың қиыстырып сөзіңді ептеп.
Қаңғырып неге келдің сонша жерден,
Тағы да қайттың, айтшы, нені жүктеп?!
Тырна.
Ауырттық ұшып-қонып алақанды,
Өткіздік зауза, шілде, сары атанды.
Ыстықта тау саялап, су жағалап,
Өстіріп алып қайттық балапанды.
Мөшһүр-Жүсіп.
Деген сөз естілмейді: "Тырна шешен".
Өзің де адал болмайсың жылан жесең.
"Жер ойылар,- деуші едің-басқаныма",
Қайттың ба, жер ойылмай, аман-есен?
Тырна.
Біз неге есен болмаймыз ел аманда?
Әркім аман тұрмақшы оң заманда.
Келген дәулет емес пе, кеткен- бейнет,
Өзің де айт: Халайық тыныш, жұрт аман 6
Мәшһүр-Жүсіп.
Халайық: аманы бар, жаманы бар,
Көп малдың жүйрігі бар, шабаны бар.
Біреу жылап, біреулер күлген заман,
Жан бола ма таймайтын табаны бар?!
Тырна.
Табанды, тұрақтаулы жалғыз Құдай,
Бұ дүние бір күн олай, бір күн былай.
Бізде де алдырған бар, шалдырған бар,
Мақұлықпыз біз де өзіндей болған солай.
Мәшһүр-Жүсіп.
Сендер-құс аспандағы ұшып жүрген,
Жерлерге көңілің сүйген түсіп жүрген.
Қанат жоқ ұшып кетер біз болмасақ,
Сендерге не пәле бар ұшып жүрген?!
Тырна.
Болды ғой: "Дей бергіштік"- мына сезің,
Алжитұғын қартайған емес кезің.
"Зажада ел қағата уғмей лапсара"-
Қаза келсе,-деген бар- көрмес көзің!"
Мәшһүр-Жүсіп.
Рас, біз көре алмаймыз, келсе қаза,
Шымылдық - кезімізге күнә, жаза.
Күнәсіз сендер неге көре алмайсың?
Кәнеки, жауап берші бұған таза!
Тырна.
Әдетпен бұл ауылды бір айналдым,
Сөзіңді естіп қимай, шыр айналдым!
Қонайын десең маңыңа (маңайың) тіпті ыңғайлы,
Қылма айып, тұрмады деп, жүре айналдым.
Мәшһүр-Жүсіп.
Құс болған сенен мықты сол бүркіт пе?
Қиқулап, надан тырна, елді үркітпе!
Ұшсаң да қанша айналып қанатың бар,
Сұраған сөзіме тіл бермей кетпе!
Тырна.
Рас, біз оқымаған ами надан,
Шүкір, ғапіл емеспіз бір Алладан!
Ұстадың не сөзімнен, айтшы, жігіт?
Болады надан деген қай түрлі адам?
Мәшһүр-Жүсіп.
Надан сол: жақсы пейіл, ісін(есін) жойса,
Ішіп-жеп, құр мәз болса, қарыны тойса.
"Алда ғой пәле дәлел батыл"- деген
Сөзінің басын айтып, артын қойса.
Тырна.
Қыркүйек-қыстың басы, үш ай күз бар,
Құс жолы-көк жүзінде- салған із бар.
Ал енді дәлел десең, мен айтайын,
Сүлеймен пайғамбардан қалған соз бар.
Сүлеймен патша бір күн сейіл құрды,
Жабайы ұшып жүрген тоты көрді.
Көп бала қыл мен жіптен тұзақ байлап,
Тотыны түсірмекке жайған торды.
Тоты құс көреді екен: ұжмақ, тамұқ,
Не барын жер мен көкте,- бәрін анық.
Нақылға езі дана, шешен екен,
Балалар шыдатпапты тынышын алып.
Сүлеймен тұра қалды жылдам өтпей: -
Ай, тотым, қалай жүрсің қашып кетпей?
Ішінде балалардың жүргенің бе,
Жерлерге адам бармас ұшып жетпей?!
- Балалар қиналады тартып азап,
Тақсыр-ау, қаш демеңіз мені қажап.
Top түгіл, оқ атса да, ұстатам ба,
Бұларды қылып жүрмін ойын, мазақ.
Сүлеймен естіп мұны кете берді,
Тотыны ақылсыз деп өте берді.
Арада бірнеше күн өткізбей-ақ,
Тотыны ұстап біреу алып келді:
-Ай, тақсыр, ұстап келдім бір тоты құс,
Торғайдан түсуі оңай бір добал құс.
Жеп еті жоқ, тұрымтай, қырғи емес,
Керексіз жасайды екен Құдай да бос!
-Бұл өзі -Үндістанның құсы- деген, -
Кісіні көргенім жоқ мұны жеген.
Сатпа, сойма, қапасқа сал да байла,
Бұған керек сыбаға-осы!-деген.
Тоты айтты:
-Өлсем не етті сізді көрмей?!
Төреңді қисайттың ғой түзу бермей!
Тақ астында қоймада көп алтын бар,
Алдырыңыз, кетерсіз бәрін білмей.
-Рас, тоты, білемін ақылды істің
Анау күн сен тіл алмай, ерегістің.
Ғайыпты болжайтұғын дана екенсің,
Бадырайып жатқан торға неге түстің?
-Мен торға түспейін деп, аспанға ұштым,
Сізбен емес, баламен ерегістім.
Жер жүзін өрт алыпты, тегіс күйіп,
Көздей жер сау көрінді, келіп түстім.
Көрінген өрт боп маған сор екен сол,
Бір тосу Хақтан даяр тур екен сол!
Сау жер болып көрінген титтей ара,
Балалар құрып қойған тор екен сол!
Ілініп қыл мен жіпке қалды аяғым,
Ұмыт боп, ойдан шығып сол баяғым.
Далақтап ұшып жүрген бір уыс жүн,
Сендей- жүзік, Мұсадай-жоқ таяғым.
Өлтірсең де қалайын шығарып үн,
Бар ма ойында жүзіктен айырылған күн.
Шикі сүт емгендігің шықты есіңнен,
Әйтпесе мен не десем, дер едің жөн.
-Міне, алтын уыс-уыс құны,-дейді, -
- Тұрмайды түкке ет пенен жүні,- дейді.
-"Тоты айтыпты!"- деген соз хат боп қалсын,
Босатып, қоя берші мұны!-дейді.
Міне, осындай соз қалған тоты құстан,
Біз бен сен сөйлескелі Хақтың қосқан.
Ал, енді риза бол, насихат сол,
Бәріміз тоңбайық,- деп,- қашып қыстан.
Мәз болып құр атаққа Мәшһүр-Жүсіп,
Қаңбақтай домаланған желмен ұшып.
Тотыдай торға түскен біз қаламыз,
Бармақтың көлеміндей жерге түсіп!
Солай деп өте шыққан тамам тырна:
"Қазағым, жақсы бол! -деп,- жаман болма!
Көңітсең сен пейілді, дәулет артар!
Арылсаң, салар Құдай қиын жолға!"
Мен-дағы:
- Хош-аман бол, тырна !-дедім,
- Біз ұтылдық, сен ұттың, тұрма!-дедім.
Сәлем айт, әулиеге, барша аруаққа!
Барсаңдар, есен-аман Сырға!-дедім.
Өткіздік осыменен биыл күзді,
Тырнадан бір насихат ұқтым сөзді.
Иманды, бұл жалғаннан абыройлы
Өткіз, сен Патша құдай баршамызды.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі