Емші туралы ертегі
Ерте, ерте, ертеде еді,
Ешкі жүні бөртеде еді.
Қала ол кезде салынбаған,
Дала ол кезде көркем еді.
Өндір атты өлкедегі
Тұрғындарға сол керегі –
Кең даланы, тау мен тасты
Өсімдіктер көмкереді.
Қалай ғажап гүлдегені,
Маңай сансыз түрге енеді.
Нəрін құйып ақ бұлақтар,
Күн бəріне нұр береді.
Бұған əр кез таң қалатын,
Ел көрместі аңғаратын,
Əбен деген емші ақсақал
Сол өңірде мал бағатын.
Ол қозысын, лағын да,
Құлын, тайын, құнанын да,
Бұзау, сиыр, өгіз, түйе,
Емдеуші еді қыранын да.
Борандарда, жауындарда,
Қара суық дауылдарда
Шөппен емдеп алып жүрді
Суықта адам ауырғанда.
Өсімдіктен,
Тамырынан,
Гүлдерінен,
Қабығынан
Дəрі жасап емдейтін ол,
Келуші еді бəрі бұған.
Жан ол бəрін аялаған,
Қолда барын аямаған.
Ауруынан кетті айығып,
Іздеп келіп талай адам.
Түйе келді мойны ауырған,
Келіп кетті қой да ауырған.
Бірі сонау Алтай жақтан,
Бірі Атырау қойнауынан.
Түлкі келді «жаным ең» деп,
«Жаным сақтар дəрі бер» деп.
Күні-түні Əбен емші
Бір тынбайды бəрін емдеп.
Көзге дəрі алмақ елік,
Күтіп отыр таңда келіп.
Бəрі-бəрі емделуде,
Мал да,
Құс та,
Аң да келіп.
– Үйретсеңіз, үлгі алар ек,
Шəкірт болып біз қалар ек,
Қалай емші болдыңыз сіз? –
Деп сұрады бір бала кеп.
Деді Əбен:
– Қой бағушы ем,
Қой соңында ойланушы ем,
Əр бұтаға мəн беріп мен
Қараушы едім қайда жүрсем.
Деме əдейі айналысты,
Табиғаттан қайда күшті?!
Қой да таңдап жейді шөпті
Ауруына байланысты.
Дерттен қатал жауың бар ма,
Оған айтар дауың бар ма?!
Байқасаң,
Тек жусан жейді
Қой өкпесі ауырғанда.
Өмірді Адам мəнді еткен де,
Ойлай біліп, сəнді еткен де!
Кəдімгі ақбас жусан жейді
Қой ішінен қан кеткенде.
Табиғат құр табынғанға
Сыр ашқан ба,
Бағынған ба?!
Тек көре біл!
Жейді ошаған
Қой бауыры қабынғанда.
Тылсым, жұмбақ ол наданға,
Дала жомарт қолдағанға!
Шашыратқы, шай шөп жейді
Қой тəбеті болмағанда.
Табиғатпен жолыққанда,
Іздене біл сондықтан да!
Əр нəрсеге назар аудар,
Құшақ ашар ол да ұққанға!
Сыр ақтардым саған ғана,
Қамқоршың бұл далаң, бала!
Біз білмейтін қасиет көп
Жан-жануар, адамда да!
Бəріне ойлы қарағанмын,
Жанға жақын санағанмын.
Үйретті өмір,
Маңайдағы
Тіршіліктен сабақ алдым.
Қиын емес аңдағанға,
Білген ісін жалғағанға.
Үйрендім мен түйе, сиыр,
Жылқы, ешкі, қарғадан да.
Табиғат – ел жаны, балам,
Таяқ жейді танымаған.
Аңғарымпаз, алғыр болса,
Біліп өсер бəрін адам.
Таныған да, танымаған
Сыр шертеді бəрі маған.
Өсімдік қой өмір сыйлар,
Одан у да, дəрі де алам.
Сөйтіп Əбен сыр ақтарды,
Балаға бұл ұнап қалды.
Дəрі қайдан шығарынан
Барлық ауыл құлақтанды.
Бəрін бала үйренеді,
Сондықтан да сүйеді елі.
Қысылғанда өсімдіктер
Болады оның сүйенері.
Ол бұл ісін бастап алға,
Үйретеді басқаларға.
Барады оған балалар да
Тісі ауырып қақсағанда.
Барады оған ағалар да
Іші ауыра бастағанда.
Оған алып барады енді
Атты аяғы ақсағанда.
Барады құс, барады аң да,
Қаладан да,
Даладан да.
Қамқоршы ол тіршілікке,
Ол қамқоршы бар адамға.
Айлар, жылдар алмасады,
Оның ісі алға асады.
Ұрпақтардан-ұрпақтарға
Мəңгі-бақи жалғасады...
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі