Таңның алтын шапағы – Күләш Ахметова

Бұл бетте «Таңның алтын шапағы» атты Күләш Ахметова жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

Бүрмеленіп ірге жақ,
Орын қалып түнге аз-ақ,
Ығыстырып келеді
Үр жаңа күн бір ғажап.

Үлбірейді гүл нәзік
Таңның шығы – гүлге азық.
Құстан бұрын оянам
Жүрегіммен жыр жазып.

Нұрмен тарап шашымды,
Таң пердесі ашылды.
Аяғымның астына
Алтын, гауһар шашылды.

Табиғат та баянды,
Таң шапағына боянды.
Күліп ашып көздерін
Немерелер оянды.

Кеңейеді шығысым,
Көбейеді ырысым.
Дүниенің естимін
Дүбірлеген дыбысын!
Таңғы нәсіп бұйырды.
Тостағаным бүйірлі.
Қаратаудың бойында
Жылқым жатыр үйірлі.

Құт толтырды үйімді.
Таудай байлық жиылды.
Күллі әлемнің шаттығы
Шаңырағыма құйылды.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері