Өлең, жыр, ақындар

Қарлығаш туралы хикая

  • admin
  • 31.03.2024
  • 0
  • 0
  • 198
Ерте, ерте, ертеде
Жетісудай өлкеде –
Әлде Кеген, Қаскелең,
Әлде Күрті, Меркеде...

Қызыл тамақ, көрікті
Бір қарлығаш болыпты.
Құтаймаса балапан,
Адамдардан көріпті.

Ішке түйіп есебін
Жүреді де неше күн,
Елден жырақ,
Тауға кеп,
Ғұмыр кешкен деседі.

Жүрегінде қызғаныш,
Саяқ жүріп түзде алыс,
Түспей жұрттың көзіне,
Ұялапты құзға құс...

Нұр құятын күлгенде
Қасиетін білген бе,
Жұмыртқасын қызғанып,
Жасырыпты күннен де.

Күндер зулап асықты,
Көктем жұпар шашыпты.
Қарлығаш та қияда
Жұмыртқасын басыпты.

Орындалып арманы,
Ол жұмыртқа жарды, әне!
Қуанышы бірақ та
Тым ұзаққа бармады.

Қарлығашқа көрікті
Қайғы бұлты төніпті.
Шыдай алмай суыққа,
Балапандар өліпті.

Күн артынан күн өтіп,
Жаз, күз, қысты түлетіп,
Тағы бір жыл әп – сәтте
Өте шықты зу етіп.

Тағы көктем таянды,
Дала нұрға боянды.
Жасыл жібек жамылып,
Қырат, қырқа оянды.

Бүршік атып бүргені,
Қырқа тағы гүлдеді.
Ал қызғаншақ қарлығаш
Шарлады сай, жүлгені.

Мұңға толы жанары,
Мекен тауып алады.
Биыл енді ұясын
Інге келіп салады.

Орындалып арманы,
Ол жұмыртқа жарды, әне!
Қуанышы бірақ та
Тағы ұзаққа бармады.

Жемін көрсе ырғыған,
Не де болса, қылғыған,
Түкпірінде сол іннің
Жататын бір сұр жылан.

Қыс ұйқысы қанады,
Көзін ашып қарады.
Балапанның иісі
Мұрнын жарып барады.

«Қайғырар түк жоқ екен,
Биыл қарным тоқ екен.
Балапандар сары уыз
Біреу емес, көп екен...»

Сұм жыланның ендігі
Не қылары белгілі.
Бәрімізге аян ғой
Өңешінің кеңдігі.

Бірде жем ап келгенде,
Иен ұяны көргенде,
Қызыл тамақ қарлығаш
Болыпты әбден шерменде.

Сорасы ағып көзінің,
Шерлі жүрек сезімін
Ақтарды да,
Ұғынды ол
Қателігін өзінің.

Өсу үшін күй керек,
Саны әйтпесе сиремек.
Осыны ұғып,
Қарлығаш
Ұя салды үйге кеп.

«Тарттым талай күйік»,- деп,
Ұшты ол еркін,
Биіктеп,
Күн де нұрын төкті оған
Қанатынан сүйіп көк.

«Құз бен інде қайдағы
Қанша ұрпағым жайрады!..
Айналайын, адамдар,
Рахмет!» - деп, ол сайрады.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Ми

  • 0
  • 0

Еріп жолдас – жорама.
Жастай әуен, күй кештім.
Мисыз адам бола ма,
Ұмытпайды «ми–ді» ешкім.

Толық

Зымыран

  • 0
  • 0

Тұрып алып қырынан,
(Көп – ау мұның азабы?!)
Ұясы үшін зымыран
Бір құлаш ін қазады.

Толық

«Бәйге»

  • 0
  • 0

Хас атбегі – дана адам,
Сырын ішке сақтайды.
Сәлден кейін аламан,
Басталады ат бәйге.

Толық

Қарап көріңіз