Бірінші суайт
Тыңдады бар жұрт таңданып,
Түсімде айтқан сөзімді.
Тал түсте мен шам жағып,
Зорға таптым өзімді.
Түніменен қамданып,
Аңға шықтым таңертең.
Көріп түздің арланын,
Тұра қашты көлеңкем.
Қара түнді зер қылдым,
Жинадым жол торабын.
Сәулесіне мен күннің
Көлеңкемді орадым.
Жүр едім мен күйкі боп,
Болдым елдің мақтаны –
Өткені алып микроб
Қармағымды қапқаны.
Орындаймын әртүрлі,
Мылқаулардың жүз әнін.
Әл бермейтін нән пілді,
Бір тал шашпен тұсадым.
Тарыдан сәл ірімін,
Мұным аян кім-кімге.
Киттің уылдырығын
Жеп тауыстым бір күнде.
Деп, – қараңдар, сорыма,
Сабылтқаным халықты.
Өрмекшінің торына
Жұлдыз түсіп қалыпты.
Ұзақ күлді Бекіре,
Сәндедің, – деп – төрімді.
Бормен судың бетіне
Жазғам аты – жөнімді.
Күшіме таң қаламын,
Айлар бойы күйбеңмен.
Күнтізбенің парағын
Зорға аудардым сүйменмен.
Құлақтанды шартарап,
Мен палуан атандым.
Бір құдықты арқалап,
Шөлейт жерге апардым.
Босқа өтпеді бұл күнім,
Шыңға апардым бұлақты.
Тиіп кетіп кірпігім,
Бір жұлдызды құлатты.
Тасбақамен жүгіріп,
Көкке бірден самғадым.
Найзағайға ілініп,
Есімде аман қалғаным.
Ауырғанда басыма,
Қайық киіп айықтым.
Сағыз қосып асына,
Итке күйіс қайырттым.
Қатық батып тісіме,
Тоғыз ғасыр түнердім.
Аквариумның ішіне,
Китті әкеліп жібердім.
Тамашаға қалдым мен,
Не түспейді базарға.
Ақша сатып алдым мен,
Көп – көп қылып азанда.
Бір ер салдым бес атқа,
Шырмауықпен жүгендеп.
Түнде кемпірқосаққа
Қонақтады кілең жек.
Басқа амалым болды ма,
Сасқандығым бұл енді.
Кетік тісім орнына,
Іліп қойдым кілемді.
Тумай жатып енші алдым,
Сеніңіздер сөзіме.
Жер, Ай, Күнді мен салдым,
Светофор көзіне.
Қашып жүріп сонадан,
Каратэні қолдандым.
Жау оғынан бораған
Қолшатырмен қорғандым.
Теңіз суын сүзіп ем,
Табылғаны тымағым.
Бірақ Ұлу ізіне,
Сүрініп мен құладым.
Емес мұным өтірік,
Бір ісіме қайранмын.
Корабльге отырып,
Тары дәнін айналдым.
Күштімін деп соңыра,
Жұртты қалай сендірем?
Сондықтан хат соңына,
Нүкте қылдым жерді мен.
Жаяу жүру керек, – деп
Таяқ қылып сырықты.
Соқыр адам жетектеп,
Маған қала қыдыртты.
Бір жақсылық жасадым,
Мұныма көп құс күлді.
Қарнынан дәу масаның
Жарып алдым үш пілді.
Айдан келген емшімен
Су ішінде бір тұрдым.
Маңдайымды тершіген
Орамалмен сүртіндім.
Қиналғаным жоқ, тегі,
Бір секундта әлдендім.
Роботқа, өйткені,
Жүз литр қан бердім.
Жан қалтама жылы, кең,
Қамап қойдым жүз аңды.
Балауыз шам түнімен,
Жанып тұрып, ұзарды.
Шығып түнде қырқаға,
Салып едім көз қырын.
Танауынан бір тана,
Жатты ала алмай өз тілін.
Шын айтамын мұны мен,
Әріп білмей оқыдым.
Жарқанаттың түгінен
Екі-үш шекпен тоқыдым.
Ұн жасадым нанды елеп,
Еңбегіммен құм қызды.
Тауық біткен дән бе деп,
Шоқып жеді жұлдызды.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі