Тал бойыңда бір нәзіктік нұры ойнап – Серік Жетпісқалиев

Бұл бетте «Тал бойыңда бір нәзіктік нұры ойнап» атты Серік Жетпісқалиев жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

Тал бойыңда бір нәзіктік нұры ойнап,
Алаңдатпай нәпсі, қызық, жын ойнақ.
Сен қалқисың айдыныңда арайлы,
Мен отырам саған арнар жыр ойлап.
Сенің көркің шыдамыңды сынайды-ақ,
Ақыл ескен әр қылығың шырайлы-ақ.
Мен отырам аңдап сөйлеп, тартынып,
Тұнығыңды алмайын деп лайлап.
Жыр арнадым мың толғанып, жүз ойлап,
Жыр арнадым жаз толғанып, күз ойлап.
Жібек мінез толықтырған көрікті,
Жан екенсің армандаған біз ойлап.
Бақытты бол босағаңда аттаған,
Бол еріңе сенімді жар, аппақ ән.
Ал мен болсам дәл өзіңдей қыздардың,
Мына өмірде барлығыңа мақтанам!


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері