Ауылыма талай барам – Серік Жетпісқалиев

Бұл бетте «Ауылыма талай барам» атты Серік Жетпісқалиев жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

Тек жүрсем…
ауылыма талай барам,
Онда бір жаутаңкөз бар қарайлаған.
Жан болса шабытына шоқ түсірер,
Жасына,
Жан-жағына қарай ма адам?!
Алда әлі ауылыма талай барам,
Бір үйдің іргесіне жанай барам.
Туған соң ақын болып, сезімі-жыр,
Махаббатсыз, ән-күйсіз қалай барам?!
Қуанышқа, Кежеуге,
Абай барам,
Құрбыларды Ай-Күнге балай барам.
Олқы тұсын ұмытып достарымның,
Жақсылығын айғайлап, санай барам.
Ауылым – ақ бесігім,
талай барам,
Ауылда талай ұстаз, талай данам.
Түсе қалып атымнан сәлем берем,
Аға-жеңге, ініге мал айдаған.
Мен әлі ауылыма талай барам,
Сол ауылдан тарайды арай маған.
Ақын көңіл алдаса өзі білсін,
Бар секілді бір сұлу қарайлаған!


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері