Түсінікті еді бізге гүл тілі – Нұрбек Нұржанұлы

Бұл бетте «Түсінікті еді бізге гүл тілі» атты Нұрбек Нұржанұлы жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

Түсінікті еді бізге гүл тілі,
Бақытты едік... иә... білем... күлкілі.
Жүрегіме, тереземе буланған...
Суретіңді өрнектеймін бұл түні.
Кім түсінсін? Қуарсақ та, солсақ та,
Жылуы жоқ жарықтарға тоңсақ та.
Есіңде ме? Күлуші едік сол кезде,
Есіңде ме? Бақытты едік сол шақта.
Түсінікті еді бізге көктем де,
Құстар бізбен сырласатын көктен де.
Түсінікті еді бізге жапырақ,
Біздің тілді түсінбейтін көп пенде...
Күтетінбіз қайтқан құстар сапарын,
Кір шалмаған тұнық еді жан, арың...
Түсінікті еді маған кірпігің,
Түсінікті еді саған жанарым...
Солу, үсу... күздің де бұл жарлығы,
Қиын екен кең әлемнің тарлығы...
Қайың, емен, Ай да, Күн де, аспан да,
Түсінікті еді бізге барлығы...
Түсінбесең, Ай көзіне көп қара!
Ай нұрына оранады көк қала.
Түсініксіз емес еді ештеңе,
Түсініксіз өмір еді тек қана.
Киімімнің ішінде біреу егілді,
Көздеріңе түсірмеші кекілді!
Түсініксіз бұл өмірді жанарың,
Үнсіз ғана түсінгендей секілді...
(Түсінбедім мен әлі...)


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері