Көзімді көкке ашып – Нұрбек Нұржанұлы

Бұл бетте «Көзімді көкке ашып» атты Нұрбек Нұржанұлы жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

Көзімді көкке ашып,
қарағаным пыр-пыр етіп ұшқан сайын,
соңында тұрып қалам
аспанның қай шетіне самғар екен деп...

Құстар – көзімнің қарашығы;
үстіңнен ұшып бара жатқан құстар легін ұшыратсаң,
онда біл,
мен саған көз салып тұрғанымды...

Тіпті, көз ілсем де,
құстар ұшып бара жатады
жаным аспанында,
тоңған құстар қалықтап бара жатады.

Жылы жаққа ұшқан құстар
қайтарда
қауырсындарыңа жылылық іле келіңдерші
жанымның жаурауық аспанына...

Қарағаным –
құстар тізбегімен ұшып бара жатады,
әттең,
таудан аса бере
көзіме қайта оралатыны өкінішті.

Құстарсыз күзде,
Сенің қарағаның менің көзіме,
Менің қарағаным сенің көзіңе
самғап бара жатты...
Тиіспе,
қалықтасын,
жанарымыздың үркек құстары
бір-біріміздің жанымыз аспанында...
Тек, жауратып алмасақ етті...


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері