Өлең, жыр, ақындар

Туған топырақ жұртына

  • admin
  • 11.07.2024
  • 0
  • 0
  • 267
Туған топырақ – тамған жер кіндік қаным!
Бұл өңірде мен нені, кімді ұқпадым?!
Құралайы құралпы балаң шақта
Атқан таңнан не қилы күн құптадым.

Ояу сергек отыққан өрісімде
Бөтенсімей танығам бөрісін де.
Бәрі соның жақсы екен тез жетіліп,
Намыс сертін, нар жүгін бөлісуге.

Ауылым неткен тамаша қарапайым,
Мұндағы салт – «Жаныңмен жарасайын!»
Пейіліндей жұртымның ұқтырады
Бал қаймағы ақ құйрық қара шайын.

Ежелгі салт мұндағы қарапайым –
«Тарлық қылмай нашарға қол ашайын».
Барсаң, шығар алдыңнан ең ақыры
Үкі таққан ботасы қора сайын.

Бірін қылмай бастан-ақ әнтек істің,
Осы ел үшін қаспен де қан төгістім.
Топан судай апаты алпыс аршын
Толқынымен ажалдың сан тоғыстым.

Екі аралық бұлыңдап сағым құрлы,
Мекеніме мені де сағындырды.
Жүрегімде құс болып ұшқан ұям,
Құралай боп су ішкен қағым жүрді.

Кіл киелі атына атамыздың
Ат жалынан бір-бір тал атап үздім, –
Таңдайымды сонымен жібіткенде
Алып шықты шыңына бата құздың.

Жас келіннің сауғаны аруанасын
Бір көрінсе, сол дедік арман асыл,
Оққа ұшсаң да «Қамы үшін қарындастың
Бармын!..» демей өлуге арланасың.

Бірде маған: «Ұзақ жыл – несіп!» деді,
Айдарымнан алтын жел есіп тегі.
Жатты бәлкім сол кезде желеп-жебеп
Сәбиі де осы елдің бесіктегі.

Уа, туған жұрт, борыш деп соны ақтадым.
Сенен бөлек мұратқа қол артпадым.
Оққағарым, жеңіспен қайтарып ең,
Көкірегіңе жыр болып қонақтадым.

Оққағарым – өз жұртым, сен дегенде –
Сен деп нартқан қызуым сөнбегенде –
Көктем сайын көрінер төл де, гүл де,
Көк теңізден сөгілер сең де менде.

Қуанышың мен сенің, зарыңдамын,
Беріспейтін ешкімге арыңдамын!
Сақтап берем өзіңе шашпай-төкпей
Замананың сан түрлі сарындарын.

Артық басқан асаудай арындарын,
Қатігезден қайтарған қарымдарын, –
Біреуін де дүниеден әкетпеймін,
Бәрін жырлап қалдырам… Бәрін-бәрін!..

…Маған десең, бір емес, өлшегін мың, –
Әйтеуір мен бір бүтін бөлшегіңмін.
Құдай өзі біледі, бір күндері
Қанша дерсің қадірі өлсе кімнің?!.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Момышұлы зираты басында мойыған шақтан

  • 0
  • 0

Батыр ата Бәукем-ай! Сағындым-ау!
Бұлыңдаған көз алдым сағым мынау,
Сағым ба сол iш eңipeп, жерге төкпей
Көз жанарын толтырып шағын жылау?!

Толық

Маңғаз отан

  • 0
  • 0

Аяқтай жүріп тегіс адақтаған
Республикам, қажет пе мадақ саған?..
Мақтанба деп үйреттің өз жұртыңды
Дарытпау үшін сырттан мазақты оған.

Толық

Мұхтар аға

  • 0
  • 0

Біз жағымпаз емеспіз жаттандырақ,
Тарттық ecкi оданы жақтан бір-ақ!
Мақтанарың тұрмаса жүрегіңде,
Жының бар ма жырыңды жоқтан құрап.

Толық

Қарап көріңіз