Жалғыз шумақ – жалқы мұң

Бұл бетте «Жалғыз шумақ – жалқы мұң» атты Сағыныш Намазшамова жазған мұң туралы өлең берілген. Өлең мәтіні, текст, өлең жолдары және толық нұсқасын осы жерден оқуға болады.

Түн сұлу ғой, сұлу, ә?
Жұпар демін жұтамын кеп құныға.
Қараңғы деп кім айтты оны,
Сезінсең
Тұла бойы тұнған шексіз шұғыла.
Ал көңілім — шұғылаға шүпілдеп
Толып тұрған мөлдір шыны құмыра.

***
Түн баласы көре алмайсың қызыл менен жасылды.
Оның бәрі қараңғының құшағына басулы.
Осылайша үйретеді ол көз арбауға көнбеуді,
Қарапайым қалпыңменен өзіңді өзің емдеуді.

***
Гүлдің нәзік күлтесіне қонған Ай
алақанға тамған нұрдай балқиды.
Ауырлық жоқ.
Ой біткен сәулеменен қалқиды.

***
Неге, Күн, батарыңда қызарасың?
Бойыңда, бәлкім сенің ыза басым.
Таңертең күліп көкке шығып ең ғой,
Кеште де күліп құла құлағасын.

***
Жауынның демінен музыка төгіліп,
Бір әуен қанатын қағады.
Мәңгілік ағысқа беріліп,
Тамшылар ағады.

***
Бұлттар жөңкіліп барады кезбе,
Бағытыңды айтып кет, айнам,
Сарылып сағынған кезде
Мен сені табамын қайдан?

***
Қол бұлға да Жер дейтұғын алыпқа,
Жеңіл ғана көтеріліп қалықта.
Өкпе-наз бен өкінішті қалдырсаң,
Айналарсың аппақ ұлпа мамыққа.

***
Әр шамның ішінде — бір алау,
Әр жүрек ішінде — бір өмір.
Махаббат — ештеңе сұрамау,
Жай ғана үн-түнсіз сүйе біл.

***
Түн де күлімдейді,
Бірақ ол кез келгенге білінбейді,
Оны сезіндің-ақ,
Таңға көзің ілінбейді.

***
Ызың-ызың,
Маса кірген үй ішінің ызыңы қысқа,
Маза кіріген ми ішінің ызыңы ұзын.
Ызың-ызың…

***
Сен келдің бе, жарық түн!
Сен келдің де сырқатымнан сауықтым.
Құса біткен құс боп ұшты кеудемнен,
Оған кеше жүрегімнен жем бергем.
Кетті ол бүгін пыр-пырлап,
Енді отырмын күліп қана жыр тыңдап.

***
Түн сайын тереземе нұр сіңеді,
Қараңғылық аулақта іркіледі.
Түнекті одан сайын қуайын деп,
Далада бала шулап, ит үреді.
Қараңғыны осылай үркітпесе,
Қиық Айдың тумауы мүмкін еді.

***
Түн де түтін секілді
Жер үстіне қонып жатыр қарайып.
Ал таң қандай ғажайып!
Ол түтіннен тазарудың керектігін түсініп,
Жеңіл үрлеп, жібереді ұшырып.

***
Түнгі Алматы.
Басылмайды сапырылыс.
Шумен бірге шашылмасын,
Тыныштықты жаныңыздың
түкпіріне жасырыңыз.
***
Жұлдыздар билейді тербетіп көк теңіз,
Әне тұр әуеде біз сапар шеккен із.
Айтпақшы,
ұйықтауды ұмытып кетпеңіз.

***
Сарала күз,
Сіз маған бөтен көзбен қарамаңыз.
Екеуміз де бір байтақ даладамыз,
Екеуміз де бір күрең жағадамыз.
Ескірмес естелік боп қалар ертең
Ауаға екеумізден тараған із.

***
Адам неге екіге бөлінеді?
Сол бөлініс өзін де кеміреді.
Адам қалай бір шешім таба алмайды?
Жол көрсетіп неге таң ағармайды?
Кешегідей адасса тағы-тағы
Осы жолы күл-талқан шағылады.

***
Терезенің жанары бар, жанары,
Қарашыққа сыйғызатын қаланы.
Түннің кейпі төрт бұрышты пішінде.
Ай, жұлдыз да тереземнің ішінде.
Түн, бірақ дөп-дөңгелек түсімде.

***
Сары күз, аязды қыс солмай әлі
тұратын шырша еді ғой сол баяғы,
Алайда бір мейірім жетпегенде
Оның да жапырағы сарғаяды.

***
Күн батарда көлеңкем жүгіреді Шығысқа,
Ал сен оған ұрыспа!
Иә болмаса күлме енді!
Ұнатады ол кері қарай жүргенді.

***
Тауым бар менің, көңілі ұлан-асыр,
Түні бойы шыңырауға арқан тастап,
Ала таңда иығына Күн көтеріп шығаратын.
Тауым бар менің…

***
Түн.Темір жол. Пойыз тарсылы.
Шағын стансаның жүдеу жан сыры.
Терезеден жылы күліп
қол бұлғадым жай ғана.

***
Асылзадам,
Біздің сезім әлі де ашылмаған
жұмбақ арал тәрізді жұмыр жерде
топырағы табанға басылмаған.
Тым болмаса бір арал ашылмасын
Жайнап тұруы үшін де жасыл ғалам!

***
Ай астында сырласайық, қанаттым!
Аймаласып отырғанда таң атсын.
Сен куә бол, бұтақтар.

***
Басына жұлдыз қонған бағаналар,
Бағыт сілтеп тұрғандай маған олар.
(Ол — бейне бір аспаннан тамған арай).
Жарығымен жылжиын алға қарай
Соңғы шырақ сөнгенше таңға қарай.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Жиі қойылатын сұрақтар

Жалғыз шумақ – жалқы мұң өлеңінің авторы кім?

Сағыныш Намазшамова — осы өлеңнің авторы.

Жалғыз шумақ – жалқы мұң өлеңінің толық мәтінін қайдан оқуға болады?

Бұл бетте өлеңнің толық мәтінін және текст нұсқасын онлайн оқуға болады.

Жалғыз шумақ – жалқы мұң өлеңі не туралы?

Бұл шығарма мұң туралы өлең ретінде танымал. Өлеңде автор өз ойын көркем түрде жеткізеді.

Жалғыз шумақ – жалқы мұң өлеңінен үзінді бар ма?

Бұл бетте өлеңнің толық мәтіні, шумақтары және өлең жолдары ұсынылған.

Осы автордың басқа өлеңдері