Көктем күледі, Жаз қабағын ашып – Сағыныш Намазшамова

Бұл бетте «Көктем күледі, Жаз қабағын ашып» атты Сағыныш Намазшамова жазған табиғат туралы өлең берілген.

Көктем күледі, Жаз қабағын ашып,
Бірақ менің жаным Күзге ғана ғашық.
Қоңырсалқын дидарын көрсем болды
Жүрегім соғады, көңілім тасып.

Боялады өңір қызғылт сары түске,
Сол сары түс кейде түсіп кетіп ішке,
Мазамды алады менің сағыныш болып,
Екі жүрек кенет бөлінеміз үшке.

Сол жүректе ерен болғанымен күш бар,
Жадырауға емес, жабырқауға құштар.
Алып кетсе ғой деп армандаймын сосын
Жылы жаққа кетіп бара жатқан құстар.

Құстар мені қайтсін көшіп жүрген шақта,
Жылы жақта көзі жәудірейтін жатқа.
Жер бетіне қыс кеп, кәрін төккен кезде,
Бала көктем ғана қалып қойса бақта.

«Сонда сен де, әй, құс, кетпес едің менен,
Солай болса сенің кетпесіңе сенем».
Сенетінімді айтып ұйқысырап жатсам,
Тоңазып-ақ қапты толықсыған денем.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері