Ішкі даусыммен сырласу – Сағыныш Намазшамова

Бұл бетте «Ішкі даусыммен сырласу» атты Сағыныш Намазшамова жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

Жарылыс. Кеудемде жарылыс,
Жанартау атылды.
Жаныма жар болған Сағыныш,
Деуші едім мен сені ақылды.
Деуші едім болаттай төзімді,
Таулардай байсалды көруші ем.
Мерт еткен мезгілсіз сезімді
Мейірімді періште көрінсең.
Дегенмен білдірмей ішімнен,
Көргім кеп ақымақ қалпыңды.
Жаныңды жаныммен түсінгем,
Алдыңда аттамас ар тұрды.
Осалдық бар екен сенде де,
Мен де аздап шыдамға ие едім.
Дәл осы күйіңді емдеме,
Жанымның күйгенін сүйемін.
Күйігім күйімді білдірсін,
Жасайын жаңа бір ұйғарым.
Жадылап қойған ба, кім білсін,
Жарығым, өзгеге қимадым.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері