Өлең, жыр, ақындар

Жолбарыстың жүніндей

  • 26.09.2021
  • 0
  • 0
  • 721
Қайсы арманның түбіне ғұмыр жеткен,
Артта қалды күндерім дүбірлеткен.
Күреңдеймін, байқасам, көп шабылып,
Қырқа­жонды, бел­белес, күдірді өткен,
Ауыздыққа езуін тілімдеткен.
Бәрін көзден өткердім жолдағының,
Жалт бұрылған сүрлеулер алдады мың.
Осып түскен қамшыдан шұбар ала,
Жолбарыстың жүніндей жон, бауырым.
Өрмекшідей жанымды торлады мұң.
Өтемін деп тар соқпақ, тар көпірден,
Тасқа тиіп тұяғым сан кетілген.
Өзгелердей опық жеп,
Мен де өкінгем,
Сарқ­сұрқ қайнап кеудемде зар көпірген.
Зілдей батып үн шықса сәл зекірген.
Жараланып жүрегім болмашыдан,
Сыңайы бар запы боп көп жасыған.
Күдірейген жалымды қамыт қиды,
Босай алмай тұрмыстың арбасынан.
Арқам жауыр екені және де аян,
Жаба тоқып несіне мен жасырам?
Жасырғанмен мықшитып ер батады,
Иығыма салғандай кер жотаны.
Ұлытауды он қайта айналғандай,
Сауырыма сауыс боп тер қатады.
Қатқан тердің астында сор жатады.
Сондықтан да сыр беріп, бүлк етпеймін,
Жолға түсіп желемін, бүлкектеймін.
Жуас көріп желкеме үйір болма,
Шамдандырсаң шалт кетер үркектеймін.
Құйын қалбаң етсе де күлтөбеден,
Секем алсам атқақтап үрке берем.
Жаны күңгірт пендені жолатпаймын,
Жын көргендей бет­жүзін бүркелеген.
Бұған қарап, тойынған деме, достым,
Шолақ арқан, тар тұсау, өреде өстім.
Пышақ сырты жал бітсе селтең қағып,
Жанға торсық байлатпас мен емеспін.
Менен зардап шеккен жоқ және де ешкім.
Түсінгейсің жанымды жете менің,
Сері көңіл сыралғы сетер едім.
Адалдықпен арқама жүгіңді артып,
Шоқтығыма шықсаң да көтеремін.
Жусан болсаң егер де, бетегемін...



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Құмырсқаның балы

  • 0
  • 0

Атам менің шипа таппай бір шыбындай жанына,
Зарығумен көзін жұмды құмырсқаның балына.
Зәру дәрі жатады екен жеті қат жер астында,
Тамшысына татымайтын Қарынбайдың малы да.

Толық

Бас

  • 0
  • 0

Эрмитаждың түкпірінде хан басы,
Жарылқасын жалғыз ғана Алласы.
Ақ сүйекте ап­айқын боп тұр білем,
Қырғыздардың қылышының таңбасы.

Толық

Қазағым менің

  • 0
  • 0

Қалың елім – қазағым менің,
Қаным да сенсің, жаным да сенсің менің.
Маңдайыма тағдыр сыйлаған,
Ғажабым сенсің, азабым сенсің менің!

Толық

Қарап көріңіз