Өлең, жыр, ақындар

Дарақыға дауа болмас

  • 26.09.2021
  • 0
  • 0
  • 592
Алматының ғимараты ығы­жығы, қым­қиғаш,
Көлеңкелі терезеге күннің көзі нұр құймас.
Мейрамхана бай­мырзасы, сырахана сұлтаны –
Қашан көрсең қалқып жүзген біздің қазақ ылғи мас.
Алматының көшелері өрмекшінің торындай,
Бауырына өрлеген құрт Алатаудың сорындай.
Шарап буы бұрқыраған дыр­думанның ошағы,
Маскүнемге қаскүнемнің қазып қойған орындай.
Тас бастаудың тұнығынан бойлап ішкен су жалдап,
Қазақтың бір қалтасына бес қол түсер сумаңдап.
Аңыздағы тезегі алтын көк есекті көргендей,
Майлыаяқтай майысады даяшылар жылмаңдап.
Дарақыға дауа болмас екі етегі далиған,
Жуыр маңда жүдемейді, тілемейді ол иман.
Қара қазақ құлап түссе, сұлап жатып жөн айтар
Кеңірдегі бүлкілдеген, күркілдеген сары Иван.
Бұл жалғанда жымысқы жоқ жыбырлаған өңештей,
Ақымақтың аты жүрмес айдарынан жел еспей.
Өз өмірін қылқылдатып өзі жұтқан сабаздың
Басындағы қауашағы түбі тесік тегештей.
Сең соққандай сенделгенде аңдай алмай бағытын,
Әкесінің сатуға бар көрде жатқан табытын.
Азғындықтың арбасына жын­шайтанды тиеп ап,
Мойнына іліп мықшыңдайды мехнаттың қамытын.
Шамданар деп сескенбейді ата­баба киесі,
Ақ бетіне жағылса да қазанның түп күйесі.
Түнді жара арқырайды арсыздықтың айғыры,
Әлдеқайдан кісінесе сайқалдықтың биесі.
Өзі үйренген, көзі үйренген жандар оған қам жемес,
Сырты бүтін, іші түтін дертті қала ләм демес.
Шошқа аунаған ми батпаққа қой да барып аунамас,
Ит жалаған арам суға адал ауыз дәндемес.
Ей, Алматы, жерінгенде кетем қайда көшіп мен,
Қазақ болып туғандықтан дұшпаным көп өшіккен.
Кей түндерде түсіме енсе қалың жылқы, көк жайлау,
Ертеңінде сүйретіліп әрең шығам есіктен.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Қазақтың туын көтердің

  • 0
  • 0

Балуанның күші, ақынның мысы басқанда,
Тіл шығады екен тұншығып жатқан тастан да.
Қаршадай күннен күреске түскен бауырым,
Қазақтың туын көтердің биік аспанға.

Толық

Жұлқынып жүйрік сынды кермедегі

  • 0
  • 0

Жұлқынып жүйрік сынды кермедегі,
Жүрегім жетеледі өрге мені.
Көрінген қиуадан кер маралым,
Қай күні қамшы салым кез келеді?

Толық

Сафуан аға рухымен тілдесу

  • 0
  • 0

Сафеке, рухың асқақ, тұрқың биік,
Кісі едің терең ойлы бір тұңғиық.
Түнерді тар кезеңде тағдыр талай,
Ап­ашық аспаныңа бұлтын жиып.

Толық

Қарап көріңіз