Өлең, жыр, ақындар

Тотының тоқсан тарауы

  • admin
  • 20.11.2024
  • 0
  • 0
  • 121
Тоты көрдім тоғайға оралмаған,
Салтанаты, сауығы жоғалмаған.
Мейірімді, мерейлі келбетіне
Теңеу іздеп, сұқтану обал маған.
Жабайы емес,
Ғажайып «жұмақ құсы»,
Мәпелеген бір үйдің тұрақтысы.
Тор ішінде сыланып түрленеді,
Өзін­өзі келгендей сынатқысы.
Аты қызық,
Біздің ел тоты деген,
Тот жоламас,
Әр талшық оты ерен.
Сиқыр, сұлу сазына жан телітіп,
Құмартушы ем әніне заты терең.
Денесінің көз тартқыш бояулары,
Түбіт талшық,
Көз ашық, ояу бәрі.
Айқын сары, қаракөк, қына қызыл –
Кемпірқосақ сияқты бояулары.
Жасыл ала,
Шырақгүл шытырадай,
Қауырсындар жатыр ғой бытырамай.
Гүл қауыздың ішінде бөпе гүлдей,
Аққа қызыл алмасқан шытынамай.
Түрлі түспен тізілтіп уықтаған,
Мойны сұңғақ, ақ бұғақ сынықтаған.
Әлдекімді еріксіз елестетті,
Тату өскен күндерді ұмытпаған.
Аяқ қандай десеңші, аяқ қандай?!
Бипыл­типыл басады таяқтанбай.
Сондай еді...
О, қайран, сол екі аяқ,
Шыдай алмай барамын қарап қалмай.
Отыр дей ме ойланып, дос танымай,
Әрекетшіл, әурешіл оспағын­ай.
Неге ғана жарқ етті қарашықтар,
Сүт бетінде қалқыған қос тарыдай?
Көрсем сол бір ғажайып құдіретті,
Өшкен сезім өзеуреп, сыбыр етті.
Дүрбісімен жүректің үлкейтемін
Кішірейтіп салынған суретті.
Осындайға қандырып қанағатын,
Сынық жүрек кезі бар жамалатын.
Қарсы алдымда тірі отыр,
Танып тұрмын
Дүниенің сегізінші ғаламатын.
Ғаламаттың деп қалма шамалысы,
Сәулет емес,
Сәулеткер саналысы,
Сурет те емес,
Суреткер бағалысы.
Әрі сұлу, әрі әнші, әрі күйші,
Жүрегінің мұңы бар жаралысы.
Тұла бойы сұлулық сарқылмаған,
Балғын дене,
Жауқазын қарпылмаған.
Балет көріп отырған сияқтымын,
Жас күнімдей біткенде қарқын маған.
Өз бетімен салтанат құрмайды екен,
Адам әнін әуелі тыңдайды екен:
Домбырама, әніме таңдай қақты,
Сайрап кетті,
Сайраса тынбайды екен.
Тәтті түске өңімді алмастырып,
Бұл қияли есімнен қалмас қылық.
Мен тоқтадым,
Ол үзбей шырқап жатыр,
Қазақ әнін құстарша жалғастырып.
Тоты толғақ бір­бірлеп лыпылдайды,
Таза әуенге кең бөлме лықылдайды.
Жеткізгендей бабына «құлақ күйін»,
Ұзақ созып, сылқылдап, тыпырлайды.
Музыканың келгендей сабағына,
Дыбыс тыңдап,
Қараймын қабағына.
Таңырқадым алғашқы тарауына,
Басып жатқан көмекей шанағына.
Бірде тық­тық, әдемі шықылықтап,
Ерке қыздай күледі сықылықтап.
Қос жанарын жұмады,
Тас қараңғы,
Сайрағандай тасада тығылып қап.
Толғай­толғай тебірене күй ақтарып,
Кетті аспан, жер­дүние құлақтанып.
Түн ортасы көрінді боз ала таң,
Ленинградтың ақ түні сияқтанып.
Сәуле бергіш,
Жандырғыш дыбысында,
Сүйсіндіргіш,
Сипағыш тынысында;
Қасиет бар жан баурап, ғашық еткіш,
Көңілден нұр, көзден сыр ұғысында.
Қарлығаш үн шалғайға көсіледі,
Жан дүниеңді жұмаққа көшіреді.
Тіршіліктің мезеті қымбаттайды,
Әй, не керек, көңілді өсіреді!
Көмекейге көмілте салғызды әнді,
Жұрт тым­тырыс, құс көмей жалғызданды.
Қызыл қамзол,
Ақ көйлек,
Жасыл бөрік,
Киіз үйде билеген сал қызданды.
Дәмелентіп, дәндетіп, ала қашып,
Дей ме маған әнге еріп далаға шық?
Терезеге қарауға шошынамын,
Келіп қана қалғандай бала­ғашық.
Қыздырмалап, тамсантып, тақымдаса,
Өң бермеймін,
Байғұста хақым қанша?
Ықпалына еріксіз көндіреді
Тыңдаушысы түзелген ақындарша.
Құпия сыр жай, тегін ағыла ма,
Сайрай­сайрай жетті ме бабына да?
Жырлай­жырлай жүректен маржан шашып,
Қасында жоқ сыңарын сағына ма?
Қарай­қарай шілтелі шарбағына,
Көңіл күйін білтелі жалғады ма?!
Әлде сүйген серігі серттен тайып,
Түсті ме екен тағдырдың қармағына?!
Отырады...
Қайтеді? Ұша алмайды.
Толқып­толқып әдемі түс аулайды.
Төгілген ән түсер ме алақанға,
Құшақ жетпес дүниені құша алмайды.
Білінбейді талмаурап, алқынғаны,
Тарау­тарау иірім жарқылдады.
Ақ тамшылап, тізілтіп, жіңішкертіп,
Үзіп алмай, қайтадан қарқындады.
Ән маздады біздерді басқарып ап,
Титімдей тіл тынбайды,
Қақсады жақ.
Тоты кетті түрленіп,
Темір шарбақ,
Сым тор емес, көрінді «аспалы бақ».
Күзгі орманда бүлдірген тергенімдей,
Бір­бір жылдап қырыққа келгенімдей.
Тамшы, тамшы тамады алақанға,
Нұрдың суын толтырып бергеніндей.
Әр тамшымен тап­таза шындық келді,
Құс құпия жасырған білдік шерді.
Ақ қағазға түсуге асықтырып,
Тарау­тарау жадымда жыр бүктелді.
Көз алдымда Сарыарқа далалары,
Сайрап жатыр орманды салалары.
Толып кеткен тотыдай көрінеді
Көкше, Баян, Ұлытау аралары.
Ауа әндетті,
Әнші пәс, үн шығармай
Сиқырлайды, түсінер сыншы қандай?
Бір жүректі бір жүрек көріп отыр,
Тамашаға болдым ғой тұншығардай.
Әуелетіп тағы да төгілімі,
Жаңа тарау басталды – өмір үні.
Босап­босап кеткендей жеміт көңіл,
Көрінеді суыртпақ сөгілімі.
Мәз болғанға тотыны мен көрдім деп,
Ол түрленді
«Ән бастау сен бердің» деп.
Шыдай алмай барамын «аспалы бақ»
Әткеншегі ішінде тербелгім кеп.
Тізбектелді басылмай ән есесі,
Қабатталды туғандай әр нешесі.
Аққан селдей көктемгі вальстерге
Толып кетті Мәскеудің бар көшесі.
Мың­мың тармақ,
Мажорлы, минорлы елес,
Адамдармен құрады күйлер кеңес.
Балы тамған балғын ән естігенде,
Жоғалтқанын кім қайтып келер демес?!
Кейде әуен сыбызғы сырғағындай,
Көл бетіне күміс үн тұнғанындай.
Арадағы көп жылдар адастырмай,
Сағынғандар қосылып тұрғанындай.
Дей алмайсың: «Тоқташы, осы үн қандай?»
Әр жүректің өз мұңы қосылғандай.
Қайдан білді,
Құс перзент нені айтты деп,
Біреу күліп, біреулер шошынғандай.
Қай құпия сол кезде шертілмеді?
Күй лебіне қай жүрек ерітілмеді?
Өзге түгіл, тордағы құстың өзі
Ұшып қана кетердей желкілдеді.
Сиқыр дыбыс,
Қосалқа егізденді,
Тік шырқады,
Білмеймін, нені іздеді?
Бізді қойшы,
Ақ бөпе жалт қарады,
Әнге қиып анасы емізгенді.
Бой сергітті,
Буынды шымырлатты,
Әр көңілді қытықтап, қыбын тапты.
Сексендегі ақсақал төрде отырған:
– Ой­һай, дүние­ай! – деді де, жымың қақты.
Кемпірі де мырс етті, үн шығарды.
Сезбей отыр біздердей тыңшы барды.
Қутыңдаған шалына шұғыл қарап,
Оң санынан оңдап бір шымшып алды.
Дәмді шарап кей жігіт тастап отыр,
Құс тағы бір тың сарын бастап отыр.
Сезімдері оянған серуеншіл,
Гитарларын құшақтап жастар отыр.
Керемет қой сұлу ән еңселігі,
Бойымнан бір тарқады кеңсе жүгі.
Жұлдыздарды желкеден түйіп өтіп,
Терезеден қарады Жер серігі.
Кейде дыбыс дірілдеп желкілдеді,
Жел қозғаған айдындай мөлтілдеді.
О, тәңірім! Сақтай гөр,
Бұл сұлулық,
Сақтамасаң, ажалсыз өлтіреді.
«Жұмақ тоты» тынбаса күй ақтарып,
Ән сырғыды жылғалап, бұлақтанып.
Елестеді көзіме баяғы бір
Мен құмартқан «ақ тоты» сияқтанып.
Жасырынған торғайдай денесіне,
Салып алды ән­күйдің кемесіне.
Тату күндер қиылып көз тастайды,
Жауап беріп жанымның елесіне.
Шертпе күйдің шымшыма қағысымен,
Баяндайды берісін, әрісі мен.
Тақылдатты таңдайын әлсін­әлі,
Дегендей­ақ: «Сен­дағы танысым ең».
Төкпе күйдің телегей шабысымен,
Теңестірді жақынды алысымен.
Ойланады: «Ой, алла­ай! – дегендей боп, –
Неге көңіл сол кезде қалысып ем?»
Жігерлі күй лып етпе әдісімен,
Ұшқыр сезім, ойлы ақыл жарысымен.
Құлыптаулы құпия сырын ашты,
Арпалысып өзінің намысымен.
Айтпас па еді...
Ән қайда тұрақтайды?
Беттен қақса бабымен үн ақпайды.
Өкініш пен өтініш қабаттасты,
Айтпас па еді...
Махаббат шыдатпайды.
Ән құлшынды қимастық көркемдеген,
Шақырады шаттыққа көз көрмеген.
Не де болса жақсы екен,
Өлкем кеңіп,
Еркем келіп, айықпас дерт емдеген.
Көкірегім құлшынса әнге қарай,
Түсіндім ғой, түсіндім мәнге талай.
Сүйіпті ғой,
Ол әлі сүйеді екен,
– Кешір, – дейді, – қатемді әлдеқалай.
Әнші құсты әрлесем есі бар деп,
Жалынбаймын, ей, қалқа, есіңе ал деп.
Мұнартқанға жасымнан құмартушы ем,
Ар жағында биіктің несі бар деп.
Құстың сыры – ешқашан досты алдамау,
Тозбасын деу махаббат тосқан жалау.
Беріктелген беріштер жұмсай берді,
Жігі батқан жазылды тоқсан жамау.
Ән бе, әлде махаббат қалауы ма?
Бірін мыңға болар ма балауыма?
Әжем айтқан ертегі еске түсті
Тоқсаныншы жеткенде тарауына.
Наз төгілді өзінше қиялдаған,
Сағыныштың маусымын тыя алмаған.
Айтып жатты өкініш, өтінішін,
Бала кезде біржола қия алмаған.
Неге алданды?
Ол неге?
Кіммен кетті?
Бәрін, бәрін...
Қалтқысыз білмек етті.
Әнмен ғана су сеуіп жатқандай бір
Сөндірем деп өзекті тілген өртті.
Тоқсан тарау,
Тоқсан ән сұрыптаған,
Тетігі айқын,
Ұмытпаған екен­ау,
Ұмытпаған.
Тор ішінде отырған «жұмақ тоты»
Шынын айтты талай жыл құлыптаған.
Қоштасқан кез
Сұрғылт бұлт, күз еді ғой,
Ол бір бейне «Ақ тоты» қыз еді ғой.
Қалай ғана кешірмей жүре берем,
Тоқсаныншы тарауын түзеді ғой.
Қалай ғана көңілім көншімесін?
Қалай шыдап, сағыныш өршімесін?!
Не дер екен дегендей,
Үнсіз, бейқам
Қарай қалды бетіме көршілесім.
Жүйткіп өтті
Жастық шақ жас елігі,
Мұз балқыды,
Түйіншек тас еріді.
Сынағандар, тыңдаңдар, шындық осы,
Кешірілді кешірмес қателігі.
Емес бәрі жабайы қызық қана,
Жанға батқан жұмсарды үзік тана.
Талай жылдар жабулы жүргенінен
Қалқып өттім
Көз жұмып, жүзіп қана.

1977



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Ол ұқсады Абайдың бір ұлына

  • 0
  • 0

Қара бастың қамын ойлап нығырлап,
Иван Грозный сияқты елді сығымдап,
Сталин де өтті қырғын орнатып,
Демократияны Бериямен тығындап.

Толық

Сарыарқаның саңлағы

  • 0
  • 2

Сарыарқаның саңлағы
(Игілік Омаровқа)
Игілік десе, өмірің
Кәкімбек Салықов

Толық

Қаныш пен Шоқан жалғасты

  • 0
  • 0

Ел абызы Едіге жайлы айтқанды
Шоқан жазып,
Орысша боп хатталды.
Ақылды орыс бір ноғайға аудартқан,

Толық

Қарап көріңіз