Өлең, жыр, ақындар

Қаныш және Қарсақбай

  • admin
  • 21.11.2024
  • 0
  • 0
  • 92
І
«Қара қазан Қарсақбайы» қазақтың,
Қанышты айтсам,
Мыс қызулы наз арттың.
Жұлдыз­бейне, жүзге келген дананың
Рухымен жан­жүректі тазарттың.
Өткерген ек талай қиын өткелді,
Тәуелсіздік туған елге дөп келді.
Ізін көріп тебіренемін Қаныштың,
Жүзін айқын көрсеткендей көп белгі.
Тасқындаса өмір­майдан жарысы,
Қарсақбайда қолдау тапты намысы.
Қызғанбаңдар, Баянауыл, Жезқазған,
Ол – кемеңгер, бүкіл қазақ Қанышы!
Әнге ораса Баянауыл мың сырын,
Қарт Ұлытау құшақтатты қыр гүлін.
Ойлы көзбен Жер­анамен сырласса,
Кербез дала естіртті мыс сыңғырын.
Естеліктер ерте оятса мені де,
Ер салайын өлең­құлагеріме.
«Қара қазан» алаулатсын жалынын,
Ақиқатты дабыл еткен еліме.
Жас Қанышты жетелесе мың арман,
Осы өлкеде бақыт жолы құралған.
Жезқазғанды бар ғаламға паш етті,
Дұшпан шошып,
Дос шығардай құмардан.
Қарсыластар бөгет құрса қаншалық,
Ол да қызды
Өршеленіп соншалық.
Қарсақбайды мекен етті он бес жыл,
«Шет түкпірден» жер шарына жар салып.
Бұқар жырау сырын ұқса балалық,
Бұла күшпен өріс тапты даналық.
Абай, Шоқан, Сұлтанмахмұт арманын
Ұлытауға алып келді нар­алып.
Сарыарқалық Венеция саналып,
Жас Жезқазған ұшты аспанға ән алып.
Сұлу сәулет,
Шексіз дәулет ордасы,
Өсіп еді­ау Қарсақбайдан нәр алып.
Жаңа шаһар етсе аймаққа ағалық,
Беу, ағайын!
Бір тәубе айтып алалық:
Көктен түсе қалғамыз жоқ, бәріміз
«Қара қазан Қарсақбайдан» тарадық.

ІІ
Қаныш аға жүзі қоймас тамсантпай,
Үлкен­кіші үңілетін қас қақпай.
Батыр тұлға,
Батыл туған, мейірбан,
Бұйра шашқа ғашық болды Қарсақбай.
Десе біреу:
– Сен мақтауға мырзасың, –
Бас иемін. Бірақ байқа, сырласым.
Әз келбетін жеткізе алмай келемін
Ақ сәулелі күлкісі мен нұрлы, асыл.
Аңыз адам біткен бойға ерендік,
Сансыз қырлы, біз таңырқар көп ерлік.
Жезге толы ашты сиқыр сандықты,
Жиһазына бүкіл әлем сенерлік.
Нағыз тарлан талас­тартыс көп көрген,
Таймай өтті талай мұздақ өткелден.
Серго дейді ағамызды серпілтіп,
Сақ қыранның самғауына сеп берген.
Қажу білмес жас арыстан тәрізді,
Сыры берік үні қандай маңызды?!
Сенді нарком жас ғалымға көзі өткір,
Сөз бен ісі бауырласқан жаны ізгі.
Жақсы адамға үйір келер жақсы арман,
Қанышты да ерлік жолы басқарған.
Жез қоймасы торсық емес томпайған,
Ол – сарқылмас саба деуден басталған.
Ағылшындар жасырған да ашынған,
Мыс көбейді,
Қалды сонда ғасыр таң.
Есебінен Мәскеу менен Лондонның
Қарсақбай мен Қаныш өнер асырған.
Кемеңгерге арнап сөздің нұрлысын,
Алтын зерлі жасай алсам жыр­мүсін:
Жез таулардың қыз­қойнауын кең ашып,
Ол көрсетті шын даналық үлгісін.
Кемел ойын терең сырға арнапты,
Кең далаға көк тұмансыз таң да атты.
Қарсақбайдың жартасында тұрған үй
Жас қыранды құзар шыңға самғатты.
Құтты жылдар сәтті күнін санадық,
Қаныш жолын – бақыт жолы баладық.
Көктен түсе қалғамыз жоқ, бәріміз
Қарсақбайда сол «Ақ үйден» тарадық.

ІІІ
Қолдарында сүңгі, балға, қайласы,
Қайласына сай еді ғой айласы.
Алға басса Деев және Сәтбаев,
Кең ашылды мыс­дария арнасы.
Бәрі солай...
Тағдыр бірге қосқаны,
Күш көбейді барлаушылық қостағы.
Түсіпбектер, Әбікендер, Шенеулер,
Шендіні емес, Қаныш сөзін қоштады.
Шектен шығып,
Көп кетпейін тереңге,
Тәлкеновтер алыс сілтер менен де.
Сексен жасын ұмытты ғой Аллаяр
Шәріпұлы Зейнешті айтып берерде:
– Қаныш ойын қастерлеуге қымсынбас,
Сол еді ғой жас ғалыммен шын сырлас.
Қарсақбайда райкомның хатшысы,
Қан майданда қаза тапты қыршын жас... –
Деп ағамыз дана сырын көп тізді,
Соқпақтары тастап кеткен жоқ бізді.
Қаныш аға кен іздегіш табысы
Бар аймақты мол ырысқа жеткізді.
Өзіне ұқсар зор бағандар жондағы,
Кен барлағыш мұнаралар орнады.
Көп аспапты оркестрге айналды
Даладағы жалғыз гудок сондағы.
Талай көрдім Желдіадырды еңсеріп,
Көп киікті жолды кескен белсеніп.
Дөңгеленіп кетуші еді кең дала,
Қара көздер жарқылынан теңселіп.
Жас қалаға тамсап көңіл бөлесің,
Жаңа зауыт апайтөсін көресің.
«Орбитаның» шарайнасы байқап тұр
Байқоңырдан ұшқан ғарыш кемесін.
Асыл аға бар қиялы тұр тұнып,
Алғыс айтты гүлзардағы гүл­шыбық.
Нар шахталар Қанышпын деп қасқайып,
Көк тіреп тұр,
Кен тасытып құлшынып.
Солай, достым,
Бас шайқама, бәрі анық,
Осы өңірден шықты ерен сан алып.
Көктен түсе қалғамыз жоқ, бәріміз
Сол шахталар қалқанынан тарадық.

IV
Мыс ордасын жырлауы бар жырлаудың,
Сүмбіледей күз келгенде бір жаудым.
Өзі өлең ғой «Сәтбай» деген бір сөздің,
Керегі жоқ сөзбұйдалап сырлаудың.
Беу, Ұлытау!
Құт­береке бөктерің!
Елге – ұран,
Ұрпаққа – аңыз өткенің.
Ер Едіге аруағы қолдады
Сәт септескен Қаныш аға мектебін.
«Қара қазан» қайнатқаны – жер кені,
«Қара мұрын» балқытушы терледі.
Қара мұртын ақын Тайжан бір сипап,
Қара сырнай сақ­сақ күліп желдеді.
Бірге күлген дүлдүл ақын келді үні,
Қаныш аға зор құрметі белгілі.
Мәскеуді де тамсандырды Тайжекем,
Жыр боратып Қарсақбайдың ерлігі.
Өзге ақынның неде десең кемдігі,
Тар шеңберлі ұшар қанат кеңдігі.
Ауыл­үйден айналшықтап шықпайды,
Арық малдай талды ықтаған жел күні.
Отырсың деп кімді қатты жаншылап,
Қайран қалма,
Беу, оқушым, хал сұрап.
Ақындықтың туын жықпай өтем деп,
Өзімді­өзім келем қатты қамшылап.
Тарландардың тоздырмаспын таңбасын,
Беріп кетем бойға біткен барды асыл.
Кен іздеген Қаныш аға секілді,
Ағынды жыр, сөз сарасын таңдасын.
Серпілемін соның бәрін ескеріп,
Оған куә тап осынау естелік.
Қарсақбайдай құтты жерді жырлауға
Жүруші едім жүрексініп, сескеніп.
Ақын болсам, сөзімнің зор беделі,
«Жезкиігім» заулап, жүйткіп келеді.
Кеншілігім маған бақыт арнаса,
Қаныш аға аруағы жебеді.
Кең шарласам бүгін өмір белесін,
Арқау еттім Қаныш аға елесін.
«Қам көңілді ән көтерер» деген бір
Өз аузынан естіп едім кеңесін.
Күй күмбірлеп, жыр ескенде даладан,
Бүкіл дүние тамсанысып қараған.
«Қызыл ішік», «жез қанатты» әуендер
Ақын Тайжан сырнайынан тараған.

V
Арыстарды арқау етіп сөзіме,
Зер саламын алғыр сұңқар кезіне.
Штифанов, Гурбалармен парапар
Деев кейде көп түседі көзіме.
Жеңіс көрсек қызу өмір­майданнан,
Аға жолы ақыл, сезім, ойды алған.
Аңыз­дастан
Бақыт құсы бар болса,
Деевтерге Қарсақбайда байланған.
Деев жайлы қызық хабар көп алдым,
Тағдырына шын құмартқан болармын.
Молақов пен Мамақовтан естіп ем,
Сәтін тапты біздің де оқ жонар күн.
Ол жылдарда жеңілістен жеңіс көп,
Мақсат емес бәрін айту тегістеп.
Шалабай шал сипаттайтын Деевті:
«Нағыз қазақ, әттең, діні орыс», – деп.
Шарықтатса ағаларым жыр құсын,
Ізет тұтам ізі сөнбес тың күшін.
Дәл келді де,
Әл берді ғой Сәтбаев
Сәндендірер сәтте елдің тұрмысын.
Деев десең ақиқатшыл мән тауып,
Кетем кейде, өлең түгіл, әнге ауып.
Қарсақбайдан Байқоңырға жол салған,
Қызықтырды өр мінезі самғауық.
Ардагерді мадақтау да керек бір,
Неге десең, шындық айқын жебеп тұр.
Қанекеме шын қамқорлық көрсеткен
Қарсақбайда Деев – тұңғыш директор.
Бүкіл аймақ ардақтайды арысты,
Иваным да иман етті Қанышты.
Сол екеуін қадір тұтып жас күнде,
Болжай білдік шалғай шеп пен алысты.
Дана үшін айтар табыс жетерлік,
Жол да түсті Жезқазғанға жетер тік.
Жас ғұлама жан аямай тер төкті,
Жер байлығын ел байлығы етерлік.
Қайдан десең асылдықтың арнасы,
Беу, металлург!
Ақиқатты жалғашы!
Бексұлтанов, Әбдірахманов, Мәткенов
Дегендерің – Деевтердің жалғасы.


Қарсақбайдың азайтуға бар дертін,
Септесіп ем жеткенінше қауметім.
Бүгін жырға жалау еттім Қаныштың
Металлург боп туған асыл әулетін.
Сыпыра мадақ, сидаң сөзбен шектелмен,
Намыскерміз ауыр күнді өткерген.
Ғарышкерміз дей алмаймын...
Дұрысы –
Жарыскерміз Қаныш жолын өткерген.
Әсем жырды әлдилесе ұзақ түн,
Өшті ізі көңілдегі сызаттың.
Қуанышбек, Мырқы, Қадыр, Төлеген,
Сендерге арнап жүрек құсын ұзаттым.
Жүрсем­дағы талай жылдар жырақта,
Көзде – өздерің,
Сөздерің жүр құлақта.
Қаныш аға түлегі боп құлшындық,
Өмір деген мың арпалыс сынақта.
Кеңгір, Жезді!
Еш сырым жоқ жасырған,
Мен үшін сен қасиеттісің, асыл маң.
Қаныш десем ер Едіге елестер,
Ұлытауым – киелі төр бас ұрған.
Қаныш десем көшкен бұлтқа ұмтылған,
Жыр тасыды, көкірегімде бұлқынды ән.
Қай қияда жүрсем­дағы таймаймын
Мыс қайнарлы қарсақбайшыл ғұрпымнан.
Қаныш десем болашаққа шарықтар,
Мұқан, Баубек – естен кетпес алыптар.
Жақсыкелді, Шынболаттың дүбірі
Киелі өлке атын талай анықтар.
Не бітірдік десең, достым, не білдік,
Кен қопардық, мыс пен күміс өндірдік.
Армандадым оралсын деп жырыма
Қаныш аға көңіліндегі мөлдірлік.
Беу, жолаушы!
Бір қарашы далаға!
Ұқсап тұр ғой тау да, көл де данаға.
Күн күлкісі Қанекемнен аумайды,
Әз бейнесі тұрар жайнап санада.
Сарыарқадан ескен самал сыбыры,
Осы еді ғой айтар сөздің тұнығы:
Жезқазғаным – ол ақиық Сәтбаев!
Қарсақбайым – жас қыранның тұғыры!

1998



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Атасам сөздің иесін

  • 0
  • 0

«Сөздіктерде әзір» деп
Бекерше іздеп жатасың.
Ойыңда жүрер қадірлеп,
Сыйласаң сөздің атасын.

Толық

Көл шетінде кешқұрым

  • 0
  • 0

Көл шетінде кешқұрым
Бурабай кеші – Тәңірімнің құрметі,
Естен кетпес таңғажайып суреті.
Кәкімбек Салықов

Толық

Жер төресі – атамекен киелім

  • 0
  • 0

Жер төресі – атамекен киелім,
Жезқазғанды дәл өзіңдей сүйемін.
Ата-баба аруағы дарыған
Кәкімбек Салықов

Толық

Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар