Өлең, жыр, ақындар

бір жақсылық

бір жақсылық күтіп тұр кешке мені,
сол жақсылық неліктен кеш келеді?
көктен керім ғажайып күтудемін
жүрмесем де қатырып ештеңені.

бір жақсылық күтіп тұр қала маңнан,
әйтпесе, мен ендігі оңала алман.
шипасымен келсе ғой жүрегіме
жыртқыштардың тісімен жараланған.

бір жақсылық келсе ғой қарқынымен,
соны күте шаршадым әр күні мен.
өз-өзімді жек көріп кеттім кенет
өзгелерге ұнауға талпынып ем.

бір жақсылық келсе екен қонағым боп,
хабарыңнан аямай аларым көп.
жақсылығым із-түссіз кеткеннен соң
бақсылығым күшейді амалым жоқ.

бір жақсылық іздейміз аяқталмас,
күш-қуатты көздейміз аяқ талмас.
жақсылықтан күтеміз алғаш қадам
ал өзіміз бастауға аяқ бармас.

бір жақсылық көмулі Күн нұрында,
Ай астында, мен әлде жындымын ба?
миллиондаған күнәні өлтіруге
бір жақсылық жетпейді шындығында.

бір жақсылық көрінсе ұстап алам,
себебі мен көмекке құштар адам!
құштар адам - күнәдан сарай салып,
қызыл тілден у-ірің із қалаған.

бір жақсылық.
бір ғана. бір-ақ дана.
жақсылыққа ғашықпын сынақта да.
жеті күнім болуы керек еді…
жеті күнәм бар қазір бір аптада.

жүрегіме қыртысы жиылмаған
жақсылықпен қауышу қиындаған
әркім теуіп кіретін жүректерге
бәлкім.
күлу ешқашан бұйырмаған.
күлу - жалпы жақсы ғой…
жақсылықсыз құр ыржыңдай беру де қиын маған.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Ізгілік іздеу

  • 0
  • 1

…ынжық һәм
жалынсыз жүзімді
айнадан мұнтаз қып көруден
үмітім үзілді.

Толық

Мықты екен

  • 0
  • 0

Тіл қатпай жатсаң да сөзіме еш мәнсіз,
Тоқтаусыз таңғалам.
Көңілі патшадай недеген кең жансыз!
Маған мұң салмаған…

Толық

Қарап көріңіз

Пікірлер