Өлең, жыр, ақындар

Келін неге жаман?

  Қыздар ауылдық жігіттерге неге тұрмысқа шыққысы келмейді? Әсіресе оңтүстік өңірлерге......

      Әлемжеліде ең көп жазылатын тақырыптар - ананы қадірлеу, әкені құрметтеу, ер адамды сыйлау т.т. Бірақ... қыз баланың тағдыры, келіннің қадірі, қазақ келінінің қоғамдағы рөлі деген мәселелер некен-саяқ! Қазақ ұғымында келін 24/7 демалмай жұмыс істейтін, ақша табатын, бала туатын, еріне қабақ шытпайтын, ата-енеге шәйін дайындап, көңілін жықпайтын төмен етекті. Ата-енеге тамағын бабымен пісіріп, сыртқа шықса етік-таяғын ұсынып, аяқ-басын уқалап, кірін жуып, шомылдырып, ауырса емдетіп, тісін салдырып жөндетіп, бала-шағасын тәрбиелеп, сиырын сауып, отынын жарып, жылына 1045 қонақты риза қылып шығарып салатын адам.
        
         Келін  - өз үйінің ғана емес, ауыл-аймақ, көрші-көлем, ағайын-туыстарға да тегін жұмыс күші. Алда-жалда қолы тимей, жұмыстан жібермей,
я ауырып той-жиынға қызметке бара алмай қалса "кісі болып қалыпты" - деген әңгімеге ілінеді.

      Қазақ енелерінің ұғымында:
Келін байының миын жемеуі керек,
"Ақша бер" демеуі керек.
Базарға өзі бара беруі керек.
Азық-түлікті өзі ала беруі керек.
Ақшасы жоқ болса төркінінен сұрауы керек. Күйеуінен таяқ жесе де, үндемей шыдауы керек.
Пара беріп болса да жұмысқа кіруі керек, Жағымпазданудың сан түрін білуі керек.
Ешкімге мұңын шақпауы керек.
Отбасы құпиясын сақтауы керек.
Күйеуі көзіне шөп салса да үндемеуі керек.
Басына шығып,
үлкен дәрет сындырса да ләм демеуі керек.
Ешкімді атымен тура атамауы керек,
Ешкімді сый-сыбағасыз құр тастамауы керек.
Демалып жатпауы керек,
Әдепті сақтауы керек.
Ал келіннің өзінің жеке шекарасы болмауы керек!

Ит те, құс та келінге қожайын бола алады,
Қылығы жақпаса, мінезі тік болса,
Бетіне айтуға батылы жетпесе де,
Сыртынан сөге алады.
Қазақтың қазіргі жағдайы осы...
Келін болу - тегін күң болу.

Сол себепті қыздар қазаққа тимейтін болған,
Тиген қыздарды енесі мен қайындары,
Күйеуі қосылып терідей илейтін болған.
Енеден даналық кеткен,
Атадан сес пен сұс кеткен.
Еркектер бала боп кеткен,
Істері шала боп кеткен.
Ақша тауып, отбасын асырамақ түгілі,
Қарызға батып, ойынпаз, санасыз боп кеткен.
Осыдан кейін қатын қалай би болмайды?
Еркек қалай құл болмайды?
Қатын біткен мал тауып,
Отбасының ертеңін ойлайды!
Нәзік әйелді, ақша табуға мәжбүр қып,
Білекті әрі жүректі ер қылған,
Еркектер түбі оңбайды!

Сөз соңы:
Келін жаман емес,
Жүрегінде мейірім болса,
Өнегелі, тәрбиелі болса.
Оқыған, білімді болса,
Ар-ұяты орнында болса.
Осындай келінді жау көріп,
Іштен дұшпан шығарса  -
Ененің ессіз болғаны,
Күйеудің бетсіз болғаны!

24.09.2025



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз