Беу, Алматым – Гүлманат Әуелхан

Бұл бетте «Беу, Алматым» атты Гүлманат Әуелхан жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

Бар сырын жүрегіне құндақтаған,
Өзіңді жатқан сынды жырлап ғалам.
Алматы арудайсың сырлы, сұлу,
Жанарын жас, жамалын мұң қаптаған.

Алматы сырыңды ұқсын, өзіңдей кім,
Күйіңді тыңдап тынған сезімдеймін.
Үмітпен арман қуып, келгем саған,
Өксимін кей түндерде көз ілмеймін.

Жұмақтың айқара ашқан есігіндей,
Тәубеге берген Құдай кешірімдей.
Тербеткен сан ғашықты ән салдырып,
Алматы – махаббаттың бесігіндей.

Достыққа құшақтарын айқара ашқан,
Сен жайлы ақиқатын, айтады аспан.
Адасып қанша тағдыр жүр өзіңде,
Бақ пен сор, ақ пен қара тайталасқан.

Тағдырдың мың сынына шыдап тұрып,
Басамын алға қадам, құлап, тұрып.
Алматы ғұмыр кешіп келемін мен,
Сенің кең құшағыңда жылап, күліп.

Күн шықты бұлт астына жасырынбай,
Тәңірдің берген бізге асылындай.
Алматы ақ лағылға оранып тұр,
Айбарлы Алатаудың ғашығындай…


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері