Бұл бетте «6014» атты Мақпал Жұмабай жазған өлеңнің мәтіні берілген. Өлең тексті, өлең жолдары және толық нұсқасы осы жерде жарияланған.
Шетелдіктер осы уақытқа дейін Қазақстаннан 6014 бала асырап алды. 2007 жыл
Тілің, Дінің және басқа есімің –
Мені өлтіріп бара жатқан осы мұң.
О, сормаңдай бүлдіршінім, бұл үшін
Ешкім сенен сұрамайды кешірім.
Біздер жетім жылатпайтын асыл ек,
Бол, тезірек, қасиетсіз ғасыр өт.
Туған жерді сүю деген ұғымды
Сезіне алмау – қандай ұлы қасірет.
Төрткүл жұртқа елеңдеген жайымды ұқ,
Төрткүл жұрттан жоқ іздеген жайымды ұқ.
6014 нәрестені біз
Қазақ болу бақытынан айырдық.
Түсін мендік арпалыс пен ашуды,
О, біздің рух неге сонша басылды.
Олар енді ержетеді Абай мен
Танымастан ұлы Әбу Насырды.
Жусанның да – иісі туған жерде тек,
Ғұмыр мәні – сені туған елде тек.
Өркениет өнегесі болмайды
Сәбилерін саудалаған мемлекет.
Отаным-ау, Отаным-ау, асылым,
Арпалысқа толы сенің ғасырың.
Жетімдерге шеттен пана тапқанша,
Тапқын жетім болдырмаудың тәсілін.
Жетімдерін жебеу керек жетер ел,
Мен бәрібір намысыңды көтерем.
Көкек-ана болса болар өмірде -
Мұмкін емес бар болуы көкек ел.
Бөбектерім, қадіріңе жеткен кім.
Жауқазыны жылап тұрған бөктермін.
Туған жердің қасіреті, қайғысы –
Сендер сонау мұхит асып кеткен күн.
Дүниені кезіп кеткен құйттай мұң,
Көздеріңнен тамып түскен шықтаймын.
Белгісізге бет алғанда тағдырың
Қалай тыныш, қалай тыныш ұйықтаймын.
Жүрегімнің жан-айқайы, алаңы,
Дүниеде бір ақиқат бар әлі:
Сағыныштың кернеп ұлы азабы
Туған жерін құс та іздеп табады!
- Азамат Төре (авторлық өңдеу)
- Шәкәрім Құдайбердіұлы
- Азамат Төре
- Абдраманов Арсланбек
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі