Ырым Тоқтарәлі Таңжарық – Тоқтарәлі Таңжарық

Бұл бетте «Ырым Тоқтарәлі Таңжарық» атты Тоқтарәлі Таңжарық жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

«Бармашы, жақындамашы отқа,
Қараңғы түкпірде жағылған.
Билейді Ол ана бір жақта,
Үй тігіп сағымнан...

Бармашы, жақындамашы суға,
Ішпеші дұғасыз.
Батырар бағзы бір мұңға
Қарашығыңды күнәсіз.

Бармашы, жақындамашы жарға,
Алакеуімде... кешкі.
Жақпарға ұя сап қарға,
Түнейді ешкі...»

От жағып отырып пешке,
Айтқан бұл әжемнің сөзі.
Ештеңе түймеппін еске,
Жадымда жабырқау көзі.

Мен қанша ойнадым отпен,
Өзім тамызып.
Жібердім жылдарды өткен,
Суға ағызып.
Түнедім басында жардың!..

Жеңілдім!
Жеңді!
Мінеки, тек жалғыз қалдым.
Бәрі кеш енді...


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері