Өлең, жыр, ақындар

Туған жерім үшін де...

  • 01.04.2022
  • 0
  • 0
  • 944
І
Атымды Шөмішбай деп қойған екен,
Есімім, өзің жайлы ойға кетем.
Ойыммен Аралымды он айналып,
Сырымдай дарияны бойлап өтем.
Туған жердің атын мен иемденгем,
Сол есімге мәңгілік сүйенгеннен,
Келемін жерді басып, аспан көріп,
Тамыр тартып, қазағым – киелі елден.
Атымды қойған екен, теріс демен,
Станция ел-жұрт бар Шөміш деген.
Көл де бар Шөмішбай деп аталатын,
Ежелгі ата жұртқа қоныс мекен.
Қалжыңның оты сөнген жоқ қой әлі,
Әзілдеп құрдастарым от қояды,
«Елді мекен бар екен өз атыңда,
Өле берсең болады» – деп қояды.
Кеудемде – кен-қазынам, қазып көрем,
Жаныма бітпес ойды азық көрем,
Өлеңнің қанатына сол есімді
Туған жерім үшін де жазып келем!

ІІ
Қанат беріп көгімде қыран маған,
Қуат беріп құдайым – ұлан далам.
Бала кезде сезінгем ұлы ақындай
Өз-өзімнен бүгінде күмәнданам.
Барады бойды билеп күмән жайлап,
Күдікті көңілімнен шығам ба айдап?
Үзілмей, не жеткізбей үміт деген,
Желбіреп көз алдымда тұрар байрақ.
Кеудеме бұлақ-тұма қайнары еттім,
Тұңғиық мұңым іште, жайнап өтті,
Оянсам, өңімде емес, түске айналып,
Баяғы бала-арманым қайда кеттің?!
Кейінгі алдыңғыдан аңсар мейрім,
Әзілдеп, білдіргендей кәусар пейілін.
Қояды ағаларым: «Пушкинбай» деп,
Мен енді Шөмішбай боп қалсам деймін.
Ойдың кенін – талайлар қазған шығар,
Өлең – жүрек әуені саздан шығар.
Басқа емес, басқа да емес жазмыш маған
Шөмішбай боп қалуды жазған шығар...



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Жәмилаға жазылған хат

  • 0
  • 0

Жәмила!
Бір қызға ғашық едім,
Тебіреніп теңіздей тасып едім,
Айтар сырды айтуға асық едім,

Толық

Біздің ғасыр

  • 0
  • 0

Жаңғырып жер бетінде жол қалды — ізден,
Жан болмас түп-тамырмен орманды үзген.
Біздің Ғасыр,— дейміз біз,— Біздің Ғасыр,
Біздің Ғасыр өйткені, болған бізбен!

Толық

Төл теңгеміз туралы

  • 0
  • 0

Туымды желбіретіп жел кереді,
Еліме осы еді ғой ең керегі.
Алтын орда заманынан бұл-бұл ұшып,
Тағдырым табыстырған теңгем еді.

Толық

Қарап көріңіз