Сенің қара меңіңде – Тоқтарәлі Таңжарық

Бұл бетте «Сенің қара меңіңде» атты Тоқтарәлі Таңжарық жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

Сенің қара меңіңде -
Дүниенің жылуы.
Тамар шәрбат сезімге
Тамшы-нұрдай үзіліп.

Қара тасқа басылған
Дұғасындай пірімнің!
Тумысы үр асылдан,
Періштесі бүгіннің.

Сол қара мең кеудеме
Түсіргендей бір жарық.
Өзімнен һәм өзгеден
Жүр ем ессіз қызғанып.

Қалдым меңсіз, қайтейін,
Бәрі өткінші мен үшін.
Қиялданам жай тегін,
Өзге қиыр өрісім.

...Сенің қара меңің бе? -
Қабірімнен іркіліп,
Дидарыңа көмілген
Топырақтай бір түйір
Екендігін ұмытпа!
Егіз мендік жүрекпен.
Бұйырмайды ол ұлыққа,
Түсірмейді ол түнекке!..


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері