Өтегенім-ай, ақ жауын жауды сілкін бір – Мақпал Жұмабай

Бұл бетте «Өтегенім-ай, ақ жауын жауды сілкін бір» атты Мақпал Жұмабай жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

Өтегенім-ай, ақ жауын жауды сілкін бір,
Өрмелеп кетем кемпірқосаққа мүмкін бір.
Мұңайып тұрған мұржаларды да ұнаттым,
Көшелеріңде, өйткені менің күлкім жүр!
...Үлбіреп қана үйеңкілерім әлі тұр,
Айтатын сынды жапырақтардың бәрі сыр.
Жапырақ терген балалық шаққа неге осы
Таусылар емес сағыныштарым бәрібір?!
Есейгім келмей, есейгім келмей жылда мен,
Тұншығар ма екем жүрегімдегі мұңға мен.
Бірге ұшып кеткім келеді айхай, арман-ай,
Қаз-қатар ұшқан, қаз-қатар ұшқан тырнамен!
Сұрақ көп менде. Ай бетінде де көп сұрақ,
Сұрақты қайтем? Керегі маған от-шырақ.
Бақытты күндер — көл-көсір, ана, көл-көсір,
Бақытты өмір, бақытты өмір жоқ бірақ.


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері