Жүрегімді аямадым дәл бүгін – Динара Мәлікова

Бұл бетте «Жүрегімді аямадым дәл бүгін» атты Динара Мәлікова жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

Жүрегімді аямадым дәл бүгін,
Жарланып жыласын.
Шаттығының шашып алып барлығын,
Биігінен құласын!
Жұбатпадым, жек көрдім де жерініп,
Бағынбайтын тәніме.
Жыла тағы, жылай түсші егіліп,
Кінәлісің бәріне.
Жаратқанған жалынасың жығылып,
Жарылқа деп құлыңды.
Тәнімнің кеп тасасына тығылып,
Ұмытасың мұңыңды.
Иманыңды үйіресің ақталып,
Сол пәктікке сеніп пе ең?
Мені жүрсің жоғалтуға шақ қалып,
Ұғынбайсың неліктен?
Сырласым деп, сырыңды ашып аласың,
Ақымағым, аңғалым.
Сосын соған тәуелді боп қаласың,
Мен көтерем салмағын.
Сарайымды таңмен бірге қағасың,
Оятады тәтті үнің.
Енді бүгін қайда әкетіп барасың,
Пейілімдей пәктігім?!


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері