Ерекше көңілдімін – Динара Мәлікова

Бұл бетте «Ерекше көңілдімін» атты Динара Мәлікова жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

Ерекше көңілдімін,
Алтын түске бояды көгімді кім?
Күтпеген сый көрердей күмілжимін,
Келетін кезің бе еді сенің бүгін?
Ауамен тілдесемін,
Жыр жазуға асығам түнде несін?
Дала мені құшады әлсін-әлсін,
Кешір енді... жалғыздық күндемесін!
Сен бардай назданамын,
Саған жетер бірінші жазған әнім.
Мен сыйлаған бақыттың бәрін сезін,
Сен сыйлаған жетеді аз ғана мұң.
Ақ қардай алып-ұштым,
Сырын ұққым келді ме сағыныштың.
Қауырсын қанатымнан қалам жасап,
Жұп-жұмсақ жерге түсіп жаңылыстым.
Ал, бүгін қуанамын,
Жанын жайған шыршалар куә, жаным!
Адам болып жүргенім қандай бақыт,
Ақ қар болып қайтадан туа аламын!


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері