Мұқағалиға арнау – Манарбек Қарекенов

Бұл бетте «Мұқағалиға арнау» атты Манарбек Қарекенов жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

Лапылдаған жүрегі бар от кеудең,
Өтті ғұмыр жалғандыққа жоқ деумен.
Сыршыл сезім толған өлеңдеріңнен,
Әлі демі басылмаған шоқ көрем.

Боран, аяз жоламаған көңілге,
Өлең болып жаралғансың өмірге.
Көп нүктені қойып шабыт соңына,
Тік қарадың ауру менен өлімге.

Жырдың бағы өзіңменен ашылған,
Саған ор да көп еді ғой қазылған...
Тағдырыңды өлең қылып оқимыз,
Жүрген ізің өшпес дастан жазылған.

Қара өлеңге найзағай боп өткенсің,
Жыр әлемде орның бөлек, өктемсің.
Мұңын айтар әр пенденің әр жолы,
Соңғы өлеңді өзің жазып кеткенсің...

Әдебиет сарайының ары сен,
Қазанаттың желдей ескен шабысы ең.
Қара өлеңнің арғымағы, асауы,
Тар маңдайға сыймай кеткен арыс ең!

Ақ қағазды сырлас қылған ақ берен,
Сеннен асқан мөлдір муза жоқ дер ем.
Сүйіншілеп сені іздеп тұрамын,
Қаламымнан кептер болып ұшса өлең.

Дәл өзіңдей жан көрмедім шайырдан,
Өмір сырын әр шумақта қайырған.
Мәжүніндей дала кезген сені іздей,
Поэзия да егізінен айрылған.

Шындық қана қонақ болған төріңде,
Найзағайлар ойнақ салған көгіңде.
Жыр айдынның символына айналған,
Сені аңсап аққулар жүр көлінде...


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері