Бұл бетте «АЙ ТҰТЫЛҒАН ТҮНДЕ» атты Мықтыбек Оразтайұлы жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.
Жасырды да аппақ, әсем келбетін,
Ай тұтылды, түнек басты жер бетін.
Қалқалады екен оны қандай күш?
Өкпелетіп қойған шығар әлдекім...
Әлем солай тарс жұмып ап жанарын,
Көрсетпей тұр Айдың ару жамалын.
Бізге солай ұқтырғысы келді ме?
Айсыз қалған ғалам қандай боларын...
Айдың әппақ сәулесімен нұрланбай,
Қалдым бір сәт... «Заман болды бұл қандай?»
Түнгі ғалам естілмейтін дауыспен,
«Барар жерің қараңғы» деп тұрғандай...
Ешбір белгі білінбейді ақ түннен,
Жұлдыздарда көңіл-күй жоқ шат күлген.
Айды бір сәт алдым-дағы жоғалтып,
Таусылмайтын қалың ойға баттым мен.
Тағдырымды тәңіріме тапсырып,
Мен отырмын айсыз түнді жатсынып.
Жұлдыз сөнсе ырымдайтын қазақпын,
Ай тұтылса күтемін бір жақсылық...
...Түн сейілді, әлем шеті ағарды,
Ай сәулесі қайта жерге таралды.
Түрілді де қалқалаған әлдене,
Ай тағы да аспаныма оралды.
Қарт ғаламның жұмсарғандай иі де,
Түстім мен де баяғы шат күйіме.
Бұрынғыша өтіп жатыр барлығы,
Ешқандай да өзгермеді дүние...
- Абдраманов Арсланбек
- Абдраманов Арсланбек
- Абдраманов Арсланбек
- Абдраманов Арсланбек
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі