Кінәлімін – Роза Сейілхан

Бұл бетте «Кінәлімін» атты Роза Сейілхан жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

Кінәлімін,
Болмысым күнә менің,
Күнә моншақ
шашылды жылап едім.
Санаменен сезімнің шеңберімен,
Сенделумен келеді бір әлемім.
Кешір дедім
Сонда да күліп тұрып,
Бүлдіргенім,
түп-түгел тұнық қылық.
Пендемін ғой,
Қашанғы алып жүрем,
Жүрегімді кілті жоқ
құлып қылып.
Жыламаймын.
Үзілген тамшыларым.
Қырық жаным
шарпыған шамшырағым,
Тозаңынан тосырқап қалған кезде,
Мөлтек-мөлтек
мөлдірге малшынамын.
Кінәлімін,
Десе де кінәлімін,
Есіме сап күнде оны тұрады мұң.
Өміріме ою сап жүрген тағдыр,
Өрнегінің келтірер бір әдібін.
Кінәлі емен,
Болмысым күнә менің.
Күнә моншақ шашылды
жылап едім.
Жұмбағы көп
жанымның жұмбағына,
Жалғыз жауап беріп жүр
бір әлемім.


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері