Өзім білемін, биік емесімді – Роза Сейілхан

Бұл бетте «Өзім білемін, биік емесімді» атты Роза Сейілхан жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

Өзім білемін, биік емесімді
Сондықтан, сірә, бұлданбайтыным.
Бұл жаққа сезгем, жиі келмесіңді
Ұнайтын шығар, мұңданбайтыным.

Өспесе тікен жолымнан қаулап,
Көрмесе көзім жаманның бәрін.
Жүректер калар соңымнан жаурап,
Соларға қатты алаңмын, жаным.

Жылады деме, күйінгенім ғой,
Жабығуды түк қаламай жаным.
Жанарға тамшы үйіргенім ғой,
Әйбәт күндерге баламай бәрін.

Құлады деме, сүрінгенім ғой,
Білмеп пе ең мұның тарамайтынын.
Жете алмай көкке бүлінгенім ғой,
Білген соң ешкім ала алмайтынын.

Күрсінеді өмір, еңіреп аспан,
Жанарым сүйіп жарық әлемді.
Шуақты көрдім төгіле қашқан.
Білмеймін нені сағынам енді...


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері