Кеңгірдің қоңыр кештері

Бұл бетте «Кеңгірдің қоңыр кештері» атты Ілия Жақанов жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

Кеңгірде кіші бесінде,
Кейде бір қоңыр кешінде.
Жағада жүрдік үшеу боп,
Сол күндер шіркін, есімде.
Сен дағы сүйдің сол қызды,
Мен дағы сүйдім сол қызды.
Аялап бақтық алаңсыз,
Жайнаған сол бір жұлдызды.
Нұрлы еді-ау, айхай сол көктем,
Кеңгірде қайық тербеткен.
Аққудай сызып айдынды,
Алысқа ұзап ән кеткен.
Сен дағы таптың жарыңды,
Мен дағы таптым жарымды.
Баса алмай әлі келеміз,
Жүректе ыстық жалынды.
Кеңгірдің беті шарайна,
Самалын желпіп маңайға.
Барады күндер білінбей,
Боз қырау түсіп самайға.
Тағдырдың сыйы осылай,
Арманда қалдық досым-ай.
Кеңгірдің қоңыр кештерін,
Өтерміз әнге қосып-ай!


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері